Қазақстандық шаңғышы күміс жүлдегер атанды
Швейцарияның Ленцерхайде қаласында өтіп жатқан «Тур де Ски» кезеңінде қазақстандық Алексей Полторанин күміс жүлдегер атанды.
Жарыста 15 км қашықтықты классикалық әдіспен тамаша жүгіріп өткен Полторанин чемпион атанған атақты швейцариялық Дарио Колоньядан небәрі 0,6 секундқа қалып қойды.Тағы бір белгілі шаңғышы, норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю жеңімпаздан 13,1 секундқа кейін келіп, үздік үштікті түйіндеді.
Жарыста күміс жүлдеге ие болған Алексей Полторанин жаңа жыл алдында қазақстандықтарға ерекше сыйлық жасады.
Бұл жеңіс – Алексей Полтораниннің биылғы маусымдағы екінші жүлдесі.
Спортшы бұдан бұрын 17 желтоқсан күні Италияның Тоблах қаласында әлем кубогы кезеңінде 15 км қашықтықта классикалық тәсілмен ізге түсіп жарысуда қола жүлдегер атанған болатын.
Айта кетейік, Алексей Полторанин классикалық тәсілмен жүгіруде әлемдегі мықтылардың бірінен саналады. Ол – жаңа жылда Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиадалық ойындарда Қазақстанның медаль әкеледі-ау деген басты үміттерінің бірі.
ҚазАқпарат.