Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт болашағы – Ұрпақ тәрбиесінде

Ұлт болашағы – Ұрпақ тәрбиесінде

Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып отырған. Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек» деген. Ақынның даналық ойы білімді ұрпақ керек екенін айқындайды. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс.
Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға үлгі-өнеге. Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Сонымен қатар жан-жақты жетіледі.
«Бала естігенін айтады, көргенін істейді» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бала бойына адамгершілік қасиеттерді ойын, салт-дәстүр, мақал – мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, айтыс өлеңдер арқылы сіңіру ата-ана мен тәрбиешілердің басты міндеті. Ертегінің тәрбиелік мәні зор. Ол сәбидің қиялына қанат бітіріп, бойындағы игі қасиеттердің қалыптасуына жол бастайды. Мысалы «Шалқан» ертегісін тыңдап болған соң, балалар шалқанды көптің көмегімен жұлып алғанын білді. Ал «Ақмышым» ертегісін тыңдап болып, кішкентай бүлдіршіндер қамқорлық, мейірімділік сезімдерімен танысты.
Адамгершілік дүниесіндегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қымбат қазыналарымыздың бірі – бесік жыры, мақал-мәтелдер болып келеді. Сәбилер «бесік жырын» тыңдай отырып, ананың бесік жырымен, әлдиімен, өзінің туған тілінің әуенінен тұңғыш рет нәр алады. Мақал-мәтелдер арқылы кішкентай бүлдіршіндеріміздің қайырымдылық, ілтипат сезімдерін арттырамыз, адамгершілік сезімдерін оятамыз. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген мақал-мәтел арқылы бала ­бойына үлкенді құрметтеу, қамқорлық сезімдерін туғызамыз.
Оқу мен тәрбие – бір-бірінен бөлек алынып қаралмайтын күрделі процесс. Жаңа заманның жаңашыл ұстазы осы екі үрдісті бірдей теңестіріп алып жүру оның шеберлігі мен іскерлігін көрсетеді.

Жансая ЖҰМАҒҰЛОВА
18 сәуір 2022 ж. 805 0