Адамның бір қызығы бала деген
Қай ғасырда болсын, тәрбие мәселесі назардан тыс қалып көрген емес. Әсіресе, бала тәрбиесі. «Адамның бір қызығы бала деген…», «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп Абай айтқандай, адам қашанда ұрпағымен қымбат. Биыл ұлы ақынның туғанына 175 жыл толып отыр. Ұрпақ тәрбиесіне, ғылым мен білімге бар ғұмырын арнаған қазақ зиялысының қара сөздері мен өлеңдері еңбек жолымызға азық болып келеді.
Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық түрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. Бұл төңірегінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында кеңінен қаузады.
Жалпы балабақша баланың жүйелі түрде білім мен тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы болып саналары сөзсіз. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтсақ ұстазға байланысты. Ұстаздық – киелі мамандық. Ол ертеңгі болашақ иесін, ұлтын тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу, оған ғылым негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами қылықтарды бойына дарыту оңай шаруа емес. Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос әрі бала жанын бағамдар психолог. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағашты түзете алмайсың» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, сонымен қатар адамгершілікке баулитын құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиеші шешуші рөл атқарады.
Сәлима РАҚЫМШАЕВА,
Бәйгеқұм ауылдық «Әсем»
бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі