Абай қол қойған құжаттар тізімі жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 174 жыл толып отыр. Қазақ басылымдары бұл атаулы күнді ескерусіз қалдырмады. Мәселен, «Ана тілі» газетінде Абай сөзінің сәулесі деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді, деп хабарлады 24.kz.
Автор әуелі ұлы ойшыл айтпақ болған ойларды жіпке тізіп, әр сөздің астарына үңіліп көреді. «Байқап қарасақ, санамызды сейілтер асыл мұраның жұмбақ сырын ақын сөзінің «судай тұнық» сәулесінің өзі-ақ мегзейді. Міне біз іздеген жасампаз жырдың темірқазығы да осы – Абай сәулесі… адамдық талабы, адам бақыты үшін күрескен, адамды сүйген жүрек лүпілі. Ақын туралы естеліктер – мұның жарқын айғағы. Олар ұлы тұлғаға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің терең адамгершілік деректері болып табылады. Абай сөзінің алтын өзегі де, ең алдымен адамгершілік пен адам бақыты. Асылы, адамзат қоғамында «бақыт» алғашқыда «қолайлы жағдай» немесе «жолы болғыштық» деп ұғынылған көрінеді. Айталық, ежелгі Грецияда «бақыт» «мейірімді тағдыр» ретінде қабылданған. Демек, философиялық және психологиялық таным бойынша бақыт – адамның өз өмірінің қызығы мен қуанышына, яғни рақатына қанағаттану дәрежесін танытатын ең байырғы этикалық ұғымдардың бірі». Сондай-ақ, мақалада абайтану мәселесі де қозғалады. Автор бұл саланың ғылым үшін ғана емес, әр азамат үшін маңызын атап өтеді.
«Шіркін, жаратқанның Алты Алаштың маңдайына Абайдай құдіретті жазғанын жете ұғына алсақ қандай! Әлде, бұл ақын сөзінен уланған өзім секілді жанның жеке сыры ғана ма? Қателесіппін. Ақын жырынан жазылмастай дертті жанның бірі Абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедханов ол сауалдардың жауабын баяғыда беріп кеткен екен. «Абайды танып білген, сондай-ақ Абай өнегесімен сусындаған адамға, өмірдің тауқыметін жеңіп шығу жеңілірек болмақ. Оған басқадай моральдық кодекстің қажеті шамалы» деп толғанады ғалым аға. Көрдіңіз бе, Абай мұрасы – Жан азығы. Ол ең алдымен Сіз бен бізге керек екен. Абай сәулесі – адам бақытын ардақтап, жалқыға емес, жалпыға ой салар ұлы сабыр».
«Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті санында Абай қол қойған құжаттардың тізімі жарияланды. Ұлы ақынның кезінде болыс болғанын растайтын деректер жетерлік.
Ал хәкім өз қолын қандай іске және қандай құжаттарға қойды? Біз бір ғана дерек айтайық. Абай қолтаңбасы 1896 жылы ұлы Мағауияға жазылған хаттан табылыпты. Бұл хатты Амантай Исин деген семейлік ғалым тауып, 1997 жылы «Абай» журналына жариялапты.
Күллі мұсылман үшін қасиетті Құрбан Айт басталды. Осыған орай қазақ басылымдарында ұлық мерекеге арналған мақалалар жарық көрді. Соның бірі Құрбан Айт, қуанышқа жетелейтін мереке деп аталады. Егемен Қазақстан газетінде жарияланған мақалада иісі мұсылман үшін қастерлі мейрамның ерекшелігі баяндалады.
«Құрбандық шалу дүние-мүлік арқылы жасалатын, уәжіп үкіміндегі ғибадат. Құрбан – Алла жолындағы шынайылығымыз бен Алланың берген несібелеріне алғысымызды білдірудің бірден-бір жолы. Сондай-ақ шамасы жеткен адамдардың шалған құрбан еттерінің кедейлерге берілуі мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен бауырмашылдық сезімдерді нығайтады. Құрбандық шалу арқылы келетін бұл сезім халықты қуанышқа жетелері сөзсіз.
Мұхаммед пайғамбар: «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын» деп қатаң айтып кеткен. Сондықтан мұсылман Алла жолына малын атап, құрбан шалу міндетті».