Абай Құнанбаевтың туғанына 174 жыл
Бүгін қазақтың бас ақыны, мақтанышы, символы, ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі — ұлы Абайдың, Хакім Абайдың жарық дүние есігін ашқан күн. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы классик ақынның туған күні бүкіл қазақ үшін мереке. Абай (Ибраһим) Құнанбаев Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілініңнегізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды. Оның көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады. Ол терең ғибратты ой-толғамдарға толы өлеңдермен қатар жастық ауан, ғашықтық сезімді, табиғат көріністерін, адамның жан дүниесін көркем тіл, бейнелі теңеу, психологиялық шендестіру арқылы шеберлікпен, төгілте жырлаған ақын. Ол дәстүрлі қазақ поэзиясына құрылымдық, стильдік және көркемдік тұрғыдан сонылық алып келді. Әсіресе, оның ғақлиялары - «Қара сөздеріндегі» көркемдік шеберлік пен ғылыми пайымдарды астастырған философиялық ой-толғамдары жалпы адамзаттық гуманистік-әлеуметтік мұраттарға ұласып жатады. Абай - қазақтың музыкалық өнеріне де мол мұра қалдырған тұлға. «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», т.б. әндері арқылы ұлттық әуен-сазға жаңа түр, тың ырғақ, өзгеше өлшем қосты. Абайдың мазмұны терең, көркемдігі жоғары өлеңдері мен поэмалары («Масғұт», «Ескендір», «Әзім»), қара сөздері мен аудармалары сан рет жарық көріп, қазақ еліне тарады, көптеген шетел тілдеріне аударылды. Сөз қадірін Абайша түсініп, Абайша сезіну үшін үлкен жүрек, терең ой, кемел ақыл, ыстық сезімді керек етеді. Өлеңді сөз патшасына теңеген Абай өзі де сөз патшасына, өлең құдіретіне айналарын сезген болуы керек. Иә, иә, Абай – асыл сөздің патшасы! Бүгін сол қасиетті Шыңғыстаудың топырағынан нәр алған дана ақынның, дара ақынның ғана туған күні емес, бүгін қазақтың жазба әдебиетінің туған күні!
Massaget.kz
Massaget.kz