Ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздың рөлі
Хакім Абай «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп адам өмірінде білім мен тәрбиенің алар орнын айшықтап берген. Расында, адамның қызығы саналатын баланың тәрбиесі ең бірінші кезекте. Осы орайда «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген Әл-Фараби бабамыздың сөзімен келіспеске қайран қалмайды.
Әлімсақтан белгілі, адамзаттың өмір тәжірибесінде тәрбие мектебінің сан алуан түрі болған. Небір даналар мен ойшылдар қыздың қылықты, ұлдың ұятты болуын бейжай қалдырмаған. Қазіргі таңда да кез келген білім ошақтары, тіпті балабақшалар да жасөспірімдердің тәрбиесіне ерекше ден қоюда. Себебі, білімнің жалғыз өзін алдыңғы орынға шығарып, тәрбиенің тізгінін жіберіп алсақ, баланың толыққанды тұлға болып қалыптасуына кері әсер етеді. Сондықтан тал шыбықтай иілгіш жас өренді өсіруде ата-ана, қоғам мен қоршаған орта жұмыла жұмыс істеуі тиіс. Бұл тұста мектепке де артылар жүк ауыр. Өйткені, бала көп уақытын ұстаздардың жанында, достарының қасында өткізеді. Иә, ұстаздар 45 минут қана сабақ беретін шығар, алайда, олардың іс-әрекеті, ұлағатты сөздері баланың санасына сіңіп, ойында жатталып қалады. Бір сөзбен айтқанда, мектеп – тәрбие мен білімнің ордасы.
Бүгінде еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Дүбірлі дүние көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жаһандану белең алуда. Осындай сәтте ұстаздар баланың тек технология тілін меңгеріп қана қоймай, рухани құндылықты да басты назарға қою керектігін түсіндірген жөн. Бұл тұста Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын атамай кете алмаймыз. Себебі, аталған мақалалардан бала өзіне қажетті рухани құндылықтарға қол жеткізе алады. Осы мақаланы оқу арқылы төл тарихтан хабар алады, өткенді жаңғыртып, бүгінгіні бағалауды үйренеді. Сонымен қатар қазіргі заманда білімнің салтанат құруының арқасында ғана жетістікке жете алатынын ұғынады. Рас. Бүгінгі балалар білім алуда тек кітап және мектеп тақтасымен шектеліп қала алмайды. «Білімдіге дүние жарық» демекші, қазіргі таңда алдына мақсат қойған жанға мүмкіндік көп. Соның бірі – туған жерден түлеп ұшқан тұлғалармен кездесу. Жас өрендер алдыңғы буын аға өкілдерімен сырлы сұхбат құру арқылы олардың өмір жолымен танысып қана қоймай, жетістікке қалай жеткендігінен хабар алады. Бұл да баланың қанатын қатайтуға бір мүмкіндік.
Оқушыны толыққанды тұлға, елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеуде менің ойымша бұқаралық ақпарат құралдары да үлкен рөл атқарады. Мәселен, ауданның басылымы «Өскен өңір» газеті балаларға ғана емес, ересектерге де ой тастайтын рухани-танымдық мақалалар жариялап келеді. Атап айтар болсақ, жас тілші Маржан Құрманғалиеваның әр нөмірде оқыған кітаптары туралы жазуы мектептегі балалардың кітап оқуға деген ынтасын оятып, білім алуға деген қызығушылығын арттырады. Сонымен бірге Фариза Кенжешованың қазақтың қазынасына баланған салт-дәстүрлер хақында қалам тербеуі жас өрендердің өн бойына ұлттық сезімді қалыптастырады.
Гүлхан Яхия мен Гүлнәр Дүйсебайдың тереңнен қозғайтын тақырыптары да баланың ойлы һәм білімді азамат болып өсуіне өз септігін тигізуде. Міне, мұғалімдер қауымы осылай жан-жақты байланыс орнатып, балаға тек білім ғана емес, рухани-танымдық ақпараттарды да хабардар етіп отырғаны жөн емес пе? Бұл орайда бүгінде мектеп қабырғасында оқытылып жүрген «Өзін-өзі тану» пәнінің де орны ерекше. Себебі, осы пән жастардың бойында махаббат, мейірімділік, адамгершілік сияқты жалпы адамзатқа тән құндылықтарды қалыптастырады. Оларды рухани байлықтың нәрімен сусындатады. Ойшыл Сократ «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын. Міне, қазіргі біздің «Өзін-өзі тану» пәнінің де негізгі мақсаты – осы. Өйткені, адам өзін-өзі тану, өз күш-жігеріне сену арқылы болашаққа нық қадам баса алады.
Биылғы Тамыз конференциясында да рухани құндылықтар назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс» дей келе, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудің аса жауапты әрі күрделі міндет екенін айтқан болатын. Бұл жерде де білім мен тәрбиені бір-бірінен бөліп қарауға болмайтынын аңғарамыз. Демек ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар да үлкен рөл атқарады.
Гүлназия ӨТЕЕВА