Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі

Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі

Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада.

Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Әрине, бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты. Тәрбие мен білім егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі – мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Тәуелсіз еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттырады. Жаңа заман баласы ертеңгі еліміздің болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншілігі мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Біздің балабақшамызда балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Балабақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Осы уақытқа дейін тәрбиеші ретінде балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педагогикалық технологияларды кеңінен қолдануға тырысамын. Себебі, қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан, есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады.
Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені, осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Елдің ертеңгі тірегі осы балалар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі таңда балабақша ұстаздары қауымына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Әсіресе, қазіргідей күн сайын қарыштап дамыған қоғамда бүлдіршін шақтан заман ағымына ілесе алатындай қабілетті жеке тұлға болып қалыптасуға бөбектердің балабақшада бейімделетіні анық. Жақсы өмір сүруге талпыныс, ортаға икемділік, ­салауатты өмір салтына дағдылану, міне, мұның барлығын балабақша қабырғасында жүріп үйренуі тиіс. Ата-аналар таңертең бізге балаларын әкеліп, жұмысқа кетеді. Әке-шешесі аманаттап бізге сеніп тапсырып кеткен балаларға жауапкершілікпен қарамауға болмайды. Балалар аман, қуанып жүрсе, бізге одан асқан бақыт жоқ. Оларды бір күн көрмесем сағынып қаламын. Қазақ халқында «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген тамаша сөз бар. Бұл мағынасы терең философиялық өмір шындығы. Әрине, баланың тәрбиесі отбасынан ­басталады. Дегенмен тәрбие ретінде балабақшаның да алатын орны ерекше. Осындай бақытты мекен балабақшада тәрбиеші болуым мен үшін үлкен мәртебе.

Әсел Бекпарова,
Ә.Тәжібаев ауылы


11 ақпан 2020 ж. 5 250 0