БІЛІМНІҢ БАСТАУЫ БАЛАБАҚШАДА
Тәрбие мен білім негізі ең алдымен отбасынан, содан соң балабақшадан басталады. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында сапаны жақсартуға көңіл бөлу керек. Бұл мәселе Елбасының биылғы Жолдауында да айтылды.
Мәңгілік ел болып қалыптасу жолында ұрпаққа берілетін тәрбие өзекті мәселе екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан да, бұл мәселе күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Ұлт көшбасшысы «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек» дей келе, «Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және команда да жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек» деп нақты тапсырмалар берді.
Елбасының балабақшадағы білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту керек деген ойы өте орынды. Себебі, 6 жасқа дейін адамның ақыл-ойының едәуір бөлігі қалыптасып үлгеретіні ғылыми дәлелелденген. Сол себепті, уақытты тиімді пайдалана отырып, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді барынша креативті ойлай алатын, қоғамның белсенді мүшесі етіп тәрбиелеу жолында аянбау қажет. Оның үстіне қазіргідей ақпараттық техниканың дамыған заманында балаларды қызықтыру оңай емес.
Бүгінде балалардың 95 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бұл дегеніміз елімізде балалардың көпшілігі балабақшада тәрбиеленеді. Осыған орай, Мемлекет басшысы өз сөзінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық балабақшалар мен мектептерге бейнебақылау орнатуды ұсынды.
Жолдауда мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игіліктер қарастырылып, бұл саладағы мамандардың жүктемесін азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалау мәселесі әңгіме болды. Демек, болашақта айтылған мәселелер іске асырылатын болады. Ал, мемлекет басшысы мұғалімдер қауымына осындай жағымды жаңалықтар арқылы үлкен үміт артып отыр. Сол үмітті рухты, мейірімді, отанын сүйетін елдің болашағына айналар азаматтарды тәрбиелеу арқылы ақтай аламыз деп ойлаймын.
Айгүл ЖҰМАҒҰЛ,
«Аймира» балабақшасының тәрбиешісі.