Биімен баураған бүлдіршіндер
Қоғам үшін әр кезеңде әр отбасында өсіп келе жатқан өрімдей ұл-қыздардың дені сау, рухани бай, еңбекке, білімге құштар болып өсуі ең жоғарғы тілек, ең биік мақсат. Оның қуат алатын қайнар бастауы отбасы. Отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Дегенмен, білім беру мекемелерінің орны ерекше. Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік – рухани тәрбие беру.
Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталатындығы бесенеден белгілі дүние. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие – екі жақты процесс. Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі десек, екінші бесік – білім беру мекемесі. Оның ішінде мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы екендігі мәлім. Балабақшадағы тәрбие бала бойындағы қабілеттердің ашылып, дамуына себеп болмақ. Сол себепті де, заман талабына лайық тәрбие мен білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақшаның қосар үлесі көп.
Осы мақсатты көздеген «Жадыра» КМҚК бөбекжайы да балалардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерінің ашылуына жұмыс жасауда. Соның бір айғағы – жуырда аталған бөбекжай бүлдіршіндерінің би байқауынан алған бас жүлделері еді. Сөзімізді нақтылар болсақ, «Алина» бала бақшасының ұйымдастыруымен «Арман» мәдениет үйінде 4 топ аймақтық балабақшалар арасында өткен би конкурсында Н.Сәбиттің жетекшілігіндегі «Жадыраның» тәрбиеленушілері «Менің қуыршақтарым» биімен топ жарған болатын. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған осынау шара барысында мың бұралған кішкентай да сүйкімді бишілер көрермен көзайымына айналып, көпті сүйсінтті. Балапандарының өнеріне куә болып, қабілетіне қаныққан ата-аналар алғыстарын жаудырып, марқайған көңіл-күймен тарқасты.
Д.ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ.