САМАЛДЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ – ВЕЛОСИПЕД
Қазіргі таңда салауатты өмір салтын ұстану – қоғамдағы маңызды құндылықтардың біріне айналды. Дене белсенділігі мен қоршаған ортаға жанашырлықты қатар ұстанған жандардың бірі – Самал Маликова.Мамандығы бойынша психолог Самал Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған. Бала кезінен велосипед тебуді жанына серік еткен ол бүгінде бұл әдетін күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған. Жұмысқа барғанда да, балаларын мектепке апарғанда да оның сенімді көлігі – велосипеді.
Самал үшін велосипед жай ғана көлік құралы емес. Ол – еркіндіктің, қозғалыстың және салауатты өмірдің символы. Күн сайын велосипедпен қатынау арқылы ол уақытын тиімді пайдаланып қана қоймай, көлік кептелісінен де құтылады. Оның айтуынша, үлкен қалалардағы қарбалас тіршілікте велосипед – жылдам әрі ыңғайлы көлік.
– Қазір көпшілік уақытын кеңседе немесе компьютер алдында өткізеді. Қозғалыс азайып, таза ауада серуендеу сирек кездеседі. Ал велосипед тебу денсаулыққа өте пайдалы. Ол жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартып, аяқ бұлшықеттерін шынықтырады, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Сондықтан жастарға да, жас аналарға да велосипед тебуге кеңес беремін, – дейді Самал.
Шынында да, велосипед – экологиялық таза әрі қолжетімді көлік түрі. Ол жанармайды қажет етпейді, тұрақ іздеу немесе айыппұл төлеу сияқты мәселелерден де арылтады. Сонымен қатар адамның денсаулығын нығайтып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға септігін тигізеді.
Көршілері мен таныстары Самалды еңбекқор, қайсар әрі белсенді жан ретінде бағалайды. Оның күнделікті өмірдегі қарапайым таңдауы көптеген адамға үлгі болып, спортпен шұғылдануға ынталандырады.
Самал Маликованың өмір салты спортпен айналысу үшін арнайы уақыт бөлудің міндетті емес екенін көрсетеді. Күнделікті тіршіліктің өзінде қозғалысты көбейту арқылы денсаулықты нығайтып, белсенді өмір сүруге болады. Осындай саналы азаматтардың үлгісі қоғамда дені сау, сергек әрі белсенді ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.
Айнұр НАЗАРОВА







