Желтоқсан оқиғасына қатысқандар марапатталды
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік ұлттық мерекесіне орай аудан әкімі Әшім Оразбекұлы Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен жүздесті.
Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін Тәуелсіздік күні - біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің түпкі мақсатының орындалып, бүгінгідей әлем мойындаған, гүлденген, көркейген, саясаты сарабдал да салиқалы мемлекет құрған бірін-бірі өткен тарихы біріктірген біз бен сіз үшін бұл мейрам ресми күнтізбеде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні болып мәңгілікке қалары сөзсіз!
Ел Тәуелсіздігін мұрат тұтқан, ұлттың болашағын ойлап 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жолында ерлік пен қайсарлықтарын көрсеткен жерлестерімізге арнайы төс белгі мен аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Әділдікті, тәуелсіздікті аңсаған осындай жастардың ортасында жүрген бүгінгі марапат иелері өз кезегінде Тәуелсіздіктің оңай келмегендігін айта отырып, еліміздің тыныштығын тіледі.
Ал, аудан орталығындағы өнер мектебінің жас қызметкерлері бейбіт заманда бақытты ғұмыр кешіп жатырғандары үшін Тәуелсіздік алып берген аға-апаларына алғыстарын жеткізіп жыр шуамақтарын арнады.