Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы
Жыл сайын 23 маусым күні Қазақстан Республикасының полиция күні атап өтіледі. Полиция қызметкерлері қоғамда көрініс тапқан құқық бұзушылықтарды реттеп, олардың салдары мен себептерін анықтайды. Батыр тұлға Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген бір ауыз тәмсілі осы ойымыздың жиынтығындай. Расында, ірге сөгілмей күн кешуіміз сақшылардың тынымсыз еңбегінде жатыр. Бүгін – осынау жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аталып өтті.
Қазақстан полицияс – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта береді. Олар мемлекет мүддесін бәрінен биік қойып, қиналғанға медеу, жабырқағанға демеу, әлсізге қорған бола білген, «Қазақстан республикасына қызмет етемін» деген төрт ауыз сөзді өмірлік ұраны, басты қағидасы етіп елдің тыныштығын күзетіп келеді.
Осы орайда, аудандық мәдениет үйінде «Полиция – қорғаным» тақырыбында салтанатты шара өтті. Болат құрыштай бекем, темірдей төзімді, отқа күймейтін, оққа өлмейтін, ел басына күн туса алдыңғы шептен табылатын тәртіп сақшылары үшін бұл күн басқа күндерден айрықша. Күнделікті жұмыс кестесіндегідей темір тәртіп емес, мерекелік көңіл-күйдің лебі сезіліп-ақ тұр жанарларынан. Сонымен, сақшылардың салтанатты шарасы басталып кетті. Сахнаға әуезді әуенмен шыққан кеш жүргізушілері жиынның мазмұнын айшықтай түскендей. Әрі қарай Әнұран шырқалып, көпшілік жүрек тұсына қолдарын қойып, қосыла шырқады.
– Ел тыныштығын сақтау жолында қиындықтан да, қатерден де қаймықпай қоғам тәртібін қалыптастырған полиция қызметкерлері әрқашан құрметке лайық. Қазақстан полициясы күні – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады. Тәуелсіздік туын желбіреткен мемлекет үшін ең басты байлық – мемлекет тыныштығы. Сол тыныштықты күзетушілер – полиция қызметкерлері. Ел мүддесі үшін жанын қиған Мұрат Өмірбековтің, Талғат Қозыбаевтың, Есен Бектұрсыновтың, Бақыткелді Ибраевтың есімдері мәңгі ел есінде. Олар батырлықтың белгісі болып халық жадында қала бермек. Игілікті іс қай уақытта да өзінің биік бағасын алады. Ең қымбат нәрсе – елдің сенімі. Кәсіби қызметтеріңіз арқылы елдің алғысына бөлене беріңіздер! – деді салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов.
Отбасы тірлігін, ошақ қасы міндеттерін екінші орынға ысырып, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, халық сенімі жолында аянбай еңбек еткен сала қызметкерлері қандай марапатқа да лайық. Бір топ тәртіп сақшыларына аудан әкімінің, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының алғыс хатын, Департамент бастығының алғыс хаттарын табыс етті. Сондай-ақ, өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген тәртіп сақшыларының аналарына да, бөлімнің арнайы алғысына бөленді. Меркелік шарада Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция «подполковнигі» арнаулы атағы кезекші бөлімшесінің бастығы полиция майоры Бақытжан Төлегенұлына берілді. Ал, ішкі істер органдарында мінсіз қызметі үшін, «10 жыл» медалімен бөлімнің аға тергеушісі, полиция майоры Берік Батырбекұлын марапаттады.
– Мереке аясында ардагерлер мен әріптестерді айтулы күнмен құттықтаймын. Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңіз елеулі болсын. Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа сай абыройлы қызмет ете беріңіздер», – деді Шиелі аудандық полиция бөлім бастығының бірінші орынбасары Досым Жорабекұлы.
«Үлкеннен – ұлағат, кішіден – ілтипат» деген халық даналығы. Өмірдің ауыр да абыройлы міндетін иығымен көтерген, өн бойына ілім мен білім қазынасының құтын қондырған ішкі істер органдарының ардагері, полиция подполковнигі Өркен Исмаил ыстық ықыласты тілегін білдірді.
Одан соң, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Орынбайқызы, Шиелі аудандық халық банкі филиалының басшысы Әмір Ергешбаев, Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әміровтер өз құттықтауларын білдірді.
Шапағат Тілеубаев