Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмола облысында қаза тапқан тәртіп сақшысы туралы фильм түсірілді

Ақмола облысында қаза тапқан тәртіп сақшысы туралы фильм түсірілді

Конституция күні қарсаңында Целиноград аудандық полиция бөлімінде қаза тапқан тәртіп сақшысы Жеңіс Күптенов туралы фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аумақтық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында Целиноград аудандық полиция бөлімінде қаза тапқан қызметкер Жеңіс Күптенов туралы «Түнгі оқиға ізімен» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. «Полиция лейтенанты 2007 жылы қоғамдық тәртіп, азаматтардың тыныштығы мен бейбітшілігін қорғау жолында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты. Жеке автокөлігімен үйіне қайтып келе жатқан ол Ақмол ауылындағы аялдамада арақ ішіп алған бір топ жастарды сабырға шақырмақшы болады. Алайда, жастар оның сөзіне құлақ аспай, керісінше өзіне жабыла кетеді. Артынша, қоғамдық тәртіпті бұзушылар қашып кетеді. Ал, полиция лейтенанты болса аурухана жеткізілген. Дәрігерлер ажалдан арашалап қаала алмады. Ауыр жарақат салдарынан ол көз жұмды. Оның артында жүкті әйелі мен кішкентай қызы қалды», - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Әсем Әбдікәрімова. Фильм аудандық бөлімнің жеке құрамына көрсетілді. Қойылымда басты рөлді Целиноград полиция бөлімінің қызметкері аға сержант Аян Нұрманов ойнады. Сонымен бірге, осы фильмнің басты кейіпкері Жеңістің туыстары мен жақындары көрді. «Жеңіс Жанғабылұлы өте ұқыпты және жұмысына адал жан еді. Оның криминалдық полиция бөлімшесінде жұмыс істеуді армандағаны әлі есімде», - деп еске алады кадр саясаты тобының инспекторы полиция майоры Риза Күржібаева. Целиноград аудандық полиция бөлімінің бастығы Қанат Битақов қаза тапқан әріптесінің анасына, жұбайына және қызына гүл шоқтарын, ал ұлы Нұржеңіске картина табыс етті. Өз кезегінде марқұмның анасы Бағым мен жұбайы Нұргүл отбасына көрсеткен құрметі мен қамқорлығы үшін полиция қызметкерлеріне алғыс айтты. Шара барысында ішкі істер органдарында қызметін бастаған жас қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдады.

https://www.inform.kz​​​
28 тамыз 2021 ж. 252 0