Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бардан – пейіл, жақсыдан – мейір

Бардан – пейіл, жақсыдан – мейір


Тәуелсіз елдің әрбір аймағында, әрбір өңірінде өзінің сара жолымен елге, халыққа сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын тау тұлғалы азаматтар жетерлік. Осындай даралық пен даналықты бойларына жинаған сыр перзенттері әр түрлі салада жүріп, елі үшін еңбек етіп, көпке үлгі бола білді. Сондай жандар Шиелі ауданының «құрметті» азаматы, туған топырағының танымал түлегі, бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз Сәулебай Аймаханов, сонымен қатар ауданның өсіп өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Шиелі ауданының «құрметті» азаматы Қалдыбай Сүгірбай, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, өзінің іскерлігі арқасында білікті басшы бола білген Үпілмәлік Мырзахметовтің 80 жасқа толу мерей тойына арналған «Сексеннің шықты биыл сеңгіріне» атты мәдениет үйінде кездесу кеші өтті.

Елінің болашағы мен халқының кемел келешегі үшін талмай қызмет етіп, саналы ғұмырын осы жолға арнаған бірегей тұлғалардың жүрген жолында елеулі із қалары анық. Сексенінші жазын тойлап отырған Сәулебай Аймаханов, Қалдыбай Сүгірбай, Үпілмәлік Мырзахметов ағаларымыздың жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, көңілі құлазып, жүрегі қан жылап жүрсе де, қасындағыларға жылуын төгіп жүретін. Өңірдің дамуына атсалысып, жастарға ақылшы бола білген ел ағаларының мерей тойына аудан әкімі Ә.Оразбекұлы келіп, мінберге көтеріліп, сөз сөйледі.
– Тәуелсіз елімізде әрбір аймақта әрбір өңірде өзіндік өмірлік жолымен елге халыққа сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болады. Олар халқы арда тұтатын арда азаматтар. Аудан тарихына үңілгенде әрбір салада қызмет ете жүріп, өңірдің қалыптасуына әлеуметтік-экономикалық дамуына, ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуіне үлес қосқан игілікті істердің бас қасында болып, ыстығына күйіп, суығына тоңған тау тұлғалы азаматтарымыз еске түседі. Осы елде туып, ауданның дамуына еңбек сіңірген құрметті азаматарымыз үнемі халық жадында. Оларға құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы. Биыл төртінші рет өткізіліп отырған «Сексеннің шықты биыл сеңгіріне» атты шарамыз еңбек ардагерлерінің құрметіне арналмақ ,– деді аудан басшысы Ә.Оразбекұлы.
Содан кейін, ақсақалдардың иықтарына шапан жауып, сый құрмет көрсетті. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жастар тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін мерейтой иелеріне облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың алғыс хатын табыстады.
Шараның басты мақсаты жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, өнегелі жолын түсіндіру болатын. Кешті әрлеген аудан өнерпаздарының ән-шашуы жұртты серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагерлердің өмір жолымен танысып, жаңғыру, жаһандану жолында сүбелі үлес қосып, білгенін үйретіп жүрген ел ағаларының әңгімесі тыңдалып, ізгі тілектер айтылды.
Ер – сыйлаған жерде қадірлі десек, еліне сыйлы ел ағаларын құрметтеп ұлықтау, ел басқарып отырған азаматтардың қасиетті борышы.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.

18 маусым 2019 ж. 1 147 0