Жетпісінде де сергек
Дене шанықтыру пәні ол тек жаттығуларды орындау ғана емес, оқушыларды қажырлыққа, төзімділікке, батылдыққа, патриоттыққа баулитын пәнге айналды. Ол адамның тәнін ғана емес, жан дүниесін, рухын тәрбиелейді. Ал осындай міндет жүктелген ұстаздың өзі де рухы мықты, жігерлі, өз мамандығын шексіз сүйген жан болуы тиіс. Осы салада қырық жылдан астам абыройлы еңбек етіп, зейнеткер атанған талаптандық Әлімбай Дәулетовты сондай азаматтардың бірі деп сеніммен айта аламыз.
Ол 1951 жылы Шиелі ауданы Талаптан ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Сағымбай ел қорғап,туған жерінде қызмет атқарса, анасы мұғалім болған кісі. Бала Әлімбайдың өнерге бейімділігі байқалмаса да спортқа деген құштарлығы басым болды. Талаптан ауылында өзі он жыл білім нәрімен сусындаған Абай атындағы №50 мектепті 1968 жылы бітірісімен Шымкент қаласындағы Шымкент педагогикалық институтына түсіп, «дене шынықтыру және спорт» мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын 1974 жылы өзі білім алған №50 Абай атындағы орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Шәкірттерін салауатты өмір салтына тәрбиелей жүріп, ауылдың шымыр жастарын грек-рим, қазақ күресіне баулыды. Ауыл балаларынан чемпиондар дайындады. Соның бір ғана дәлелі шәкірті Ғабит Тәжбенов 2000 жылы қазақ күресінен ҚР-ның чемпионы болды. Ардақ Айтуаров Қазақ КСРО-ның чемпионы болған. Сондай-ақ, 2014 жылы шәкірті Ғани Келдіғұлов Орынбор қаласында қазақ күресінен әлем чемпионы атағын алды. Бүгінде Ғани Қазақ күресінің жаттықтырушысы қызметін атқарады. Ұдайы ізденіс пен еңбектің арқасында абыройға бөленген ұстаз 2014 жылы еңбек демалысына шықты. Өмірінің 40 жылын туған жерінде білім мен спорт саласының жандануына, жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған жанның еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1981 жылы «Қазақстанның оқу үздігі» атанды.
Өмір бір орнында тұрмайды. Сонау жетпісінші жылдардың басында бойы тіп-тік, қап-қара шашы аққұба өңіне жарасып тұратын шымыр жігіт бүгінде жетпіс жас деген белеске де келді. Бірақ, адамның жастық шағын ұмытуға мұрша бермейтін спортты серік еткен Әлімбай аға өзін әлі жас жігіттей сезінеді. Жұбайы Күлайхан екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған жайы бар. Тұңғыш қызы Салтанат Дәулетова Нұрсұлтан қаласында спорт саласында қызмет атқарады. Екі ұлы жеке кәсіпкер, 10 гектар алма бағы бар. Әлімбай ағамыз қазір Талаптан ауылындағы №50 қазақ орта мектебінің ардақты ардагері, ақылшысы.
Шапағат Тілеубаев