Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігер берген жиын

Жігер берген жиын

Өткен аптаның жұма күні «Нұр Отан» партиясының Кедергісіз келешек жобасы аясында «Қаһарман ұстаз – Қарлығаш» тақырыбында үйден оқытылатын оқушылармен кездесу өтті. Ұрпаққа рухани азық сыйлаған шараны Шиелі психологиялық-медициналық-педагогикалық-консультация мекемесі мен «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырды.

Тағдырдың қатал сынына түсіп, өмірдің қиындығын еңсерген бүгінгі күннің қаһармандары жайлы айтылар сыр көп. Аяқ-қолдан айырылып, тауқіметтің кермек дәмін татса да, өжеттік пен қайсарлығының арқасында әлемді өзіне қаратып, шектеулі жандардың шексіз мүмкіндіктерге қол жеткізіп жатқандығынан да хабардармыз. Ал, жаны нәзік қыз баласының бұл қиыншылықты еңсеруі оңай емес, әрине. Аталмыш кешке жиналған оқушылар білім саласында қызмет атқарып, ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосып жүрген №251 М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Омарханқызының өмір жолымен танысты. Шараны «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет ашып берді.
1969 жылы Бәйгеқұм ауылындағы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Қарлығаш 2-сынып оқып жүрген сәтінде теміржол өткелінде апатқа ұшырайды. Өрімдей жас қызды ажал аузынан арашалап қалған дәрігерлер оң аяғы мен оң қолын және сол қолының саусақтарын кесіп тастауға мәжбүр болады. Кішкентай ғана бүлдіргеннің тағдырмен күресі ерте басталып, ерік-жігерінің арқасында жаңа өмірге қадам басады. Мектепті ойдағыдай бітірген бойда Қызылорда қаласындағы кітапханашылар даярлайтын курста білім алып, ауылдық «Қамыс зауыт» мекемесінің кітапханасында еңбек жолын бастайды. Еңбектен қол үзбей Алматы педагогикалық училищесінің бастауыш сыныбы мұғалімі мамандығын иемденеді. Ұстаздық жолын 1992 жылы №214 Қызылдиқан мектебінде бастап, 1993 оқу жылында өзі туып өскен ауылындағы №251 мектепте ұстаздық қызметін жалғастырады. Арасында Астана қаласындағы Қазақ-Ресей университетін өз мамандығы бойынша тамамдап, ширек ғасырдан астам уақыт осы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, сынып жетекші қызметтерін атқарып келеді. Үлкен жетістіктерге жеткен ұстаздың ұрпаққа берер білімімен қатар жарық дүниеге деген құштарлығы да бар. Кездесу барысында жүректері жалынға, жанарлары шуаққа толы шәкірттерге кез келген ортада еркін, өзгерістерге бейім болуға шақырған ұлағатты ұстаздың сөздері серпін берді. Жас жүректердің отын жағып, жаңаша леп сыйлады. Кеш соңында Шиелі ПМПК мекемесінің меңгерушісі Г.Тымбаулиева бейбіт күннің қаһарманына алғыс білдіріп, жастарға рух беретін мағыналы шаралар жалғасын таба беретінін жеткізді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЕВА.

23 желтоқсан 2018 ж. 1 013 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930