Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексенінде де сергек ұстаз

Сексенінде де сергек ұстаз

Елімізде саналы ғұмырын мектепке, білімге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған айтулы азаматтар аз емес. Солардың бірі – ұстаздықпен қатар, темір жол саласы мен талантты да тағылымды басшы бола біліп, еңбек ардагері атанған мәртебелі мамандық иесі, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төс белгісінің иегері Мұсахан Дүйсенұлы. Ол биыл 85 жастың белесіне шығып, өмірде өзінің кішіпейілділігімен, биязы мінезімен, табанды еңбегімен ерекшеленіп жүрген жан.
Ұстаздың әрбір айтқан сөзі, іс-қимылы – өскелең ұрпаққа ғана емес, барша адам баласының айнасы секілді. Себебі, ұстазы арқылы шәкіртіне баға беріледі. Осындай өмірі өнегелі, еңбегі елеулі болған Мұсахан Дүйсенұлы 1936 жылдың 15 сәуірінде Қызылорда облысы, Шиелі ауданыны, Бәйгеқұм елді мекенінде теміржолшылар әулетінде дүниеге келген. Иә, бұл жасқа жеткендер баршылық шығар, мәселе жастық пен ақсақалдықтың арасында өткен өмір белестері, қалай өрбіді дегенге саяды. Ол 1943-1951 жылдары «Ащықұдық» жеті жылдық мектебінде, 1951-1954 жылдары №45 Октябрьдің 14 жылдығы атындағы мектебінде білім алған. Орта мектепті бітірген соң бірден 1955-1958 жылдарда Отан алдындағы борышын өтейді. Жасынан еңбекке құштар ол, 1959 жылы №97 Бәйгеқұм ауыл шаруашылық механизатор мамандығын дайындайтын училищесінде, тракторист-машинист мамандығын алып шығады. 1960-1962 жылдары Қазақстан Темір жолы Шиелі бөлімшесіне қарасты ПЧ-46 Бәйгеқұм станциясында №18, №19, №20 бекеттерінде есепші болып қызмет атқарады. Мұсахан Дүйсенұлы мұнымен тоқтап қалмай, білімін әрі қарай тереңдету мақсатында 1962-1965 жылдары Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумына түсіп, техник-механик мандығы бойынша білім алады. Талантты жас жігіт білімді жалғастыру мақсатында 1970-1975 жылдары Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, «Тарих» пәнінің мұғалімі мамандығын бітіреді. Қызметке келген жас маман жұмысқа білек сыбана кірісіп, 1965-1985 жылдары №97 Бәйгеқұм селолық кәсіптік-техникалық училищесіне директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, одан әрі 1985-1987 жылдары №150 Ортақшыл орта мектебінің директоры қызметінде үлкен жауапкершілік танытады. 1987-1993 жылдарды №251 М.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ұзақ жылдар бойы саналы, сапалы ұрпақ қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосқан, талай тарландарды білім нәрімен сусындатқан ардақты ақсақалдың еңбегі елеусіз қалған емес. Бүгінде Мұсахан Дүйсенұлы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Бәйгеқұм ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ел үшін еселі еңбегімен қоғамдық, оқу-тәрбие жұмыстарындағы жетістіктері үшін мектептің, қаланың, облыстың, республиканың алғыс хаттарымен, 1971 жылы КазССР кәсіптік білім жүйесінің үздігі, Қазақ ССР мемлекеттік кәсіптік-техникалық білім беру комитеті, Қызылорда облыстық басқармасы, Шиелі аудандық оқу бөлімдерінің Алғыс хаттарымен түрлі мерекелік медалдармен мараппатталған. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты дамыған, өмірге құштар адам болғандықтан, қолға алған барлық ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Жуырда Бәйгеқұм ауылдық «Мәдениет үйінде», Бәйгеқұм ауылының әкімі Мұхаммедәлі Құлымбетұлының ұйымдастыруымен кішігірім мерейтой болып өтті. Онда аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковтың алғыс хатын «Ұлағатты ұстаз», «Еліне елеулі азамат», бірнеше жыл басшылық қызметтерді абыроймен атқарған Мұсахан Дүйсенұлына табыстап, 85 жасқа толған мерейтойына орай лайықты құрмет көрсетті.
Аудан басшысының «Алғыс хатын» қарт ұстазға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Абдрахманов табыс етті. Онда ұстаз жолындағы жетістіктеріңіз аса салмақты. Ерен еңбегіңізді, адами ғибратыңызды соңыңыздан ерген өскелең ұрпаққа үлгі етіп келесіз. Ұлт жанашыры ретінде ауылдың ауызбірішілігінің сақталуына үлес қосып жүрсіз, – деген ыстық ықыласқа толы құттықтау лебізінің астарында ұлтжанды ұстаздың биік парасаты мен терең біліміне берілген шынайы баға жатыр. Салтанатты шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Абдрахманов, П.Архабаев, К.Тәжіков мерейтой иесіне құттықтау лебіздерін жеткізіп, ағаның азаматтық болмысын айшықтайтын пікірлерімен бөлісті. Ауыл әкімі М.Жүсіп сөз алып, ауылдың абыз ақсақалы М.Дүйсенұлының иығына шапан жауып, ауыл азаматтары астына ат мінгізді.
Салтанатты шара соңында Мұсахан Дүйсенұлы сөз алып, жиналған тұрғындарға ақжарма пейілмен алғысын жеткізді. Тебірене сөйлеген Мұсахан ағамыз «Ерін қадірлейтін ел болмаса, елдің атын шығарар ер қайдан тусын» деген даналық тәмсілден тамыр тартатын бүгінгідей сый-құрметтің ұрпақ сабақтастығы үшін ауадай қажет екендігіне тоқталды. Осы мерейтойдың қызықты өтуіне ауылдың әжелер ансамбілі мен өнерпаздары әннен шашу шашса, ақындар оның ішінде Жұмабек Абжапбаров ағасына жазылған арнауын оқыды.

Шапағат Тілеубаев
02 ақпан 2021 ж. 586 0