Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылман ақсақалдың үлгісі

Ақылман ақсақалдың үлгісі

Бәйгеқұм ауылының тұрғындары таңмен таласа тұрып, тіршілік қамына кірісуді талайғы әдеттеріне айналдырған. Алақандай ауылда жақсы жарасымдылық, ізетті ілтипат, ырысты ынтымақ бар. Ақсақалдары пәтуалы сөз айтып, жастарды жемісті еңбекке жігерлендіріп отырады. Әрбір үйдің түтіні түзу ұшып жатқан соң да елді мекенде жақсылықтың нышандары жарқырап көрініп тұрады.Осы орайда ауылдың қадірменді қариялары барлық игілікті іс-шараның басты ұйытқысы екенін айтпай кетуге болмас.
Әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп жүрген ауылдағы өнегелі, өрісті қарияның бірі – Мұсахан Дүйсенұлы. Ол 1936 жылы Бәйгеқұм ауылында теміржолшылар отбасында дүниеге келеді. Мектепті аяқтаған соң ауылдағы ауыл шаруашылық механизатор мамандығын дайындайтын училищені тракторист-машинист мамандығы бойынша тәмамдайды. Кейіннен Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, білім саласындағы абыройлы еңбек жолын бастайды.
1965 жылдан бастап қазіргі Шиелі индустриалды-аграрлық колледж директорының орынбасары қызметін жиырма жыл бойы үздіксіз атқарады. Кейіннен №150 Ортақшыл мектебінің директоры, №251 М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі болып еңбек етеді.
Ұзақ жылдар бойы саналы, сапалы ұрпақ қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосқан, талай тарландарды білім нәрімен сусындатқан ардақты ақсақалдың еңбегі елеусіз қалған емес. Бүгінде Мұсахан Дүйсенұлы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Бәйгеқұм ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Кез келген тұлғаның қадір-қасиеті – көпірме мақтау сөз, жарнама-дақпыртпен емес, оның жасаған ісімен, еліне, адамзатқа сіңірген еңбегімен бағаланады. Түптің түбінде халық жадында, ұрпақ санасында таразыға тартылады. Қай кезеңде болса да, қандай лауазымды қызмет атқарса да өз бағытынан таймай, азаматтық позициясына беріктік танытқан атпал азамат Мұсахан ақсақал ұлтқа риясыз қызмет етудің, отбасында жақсы отағасы болудың, әдемі қартаюдың, ақылман ақсақалдың, салиқалы сарабдалдықтың, парасатты, салауатты өмір сүрудің үздік үлгісін көрсетіп келеді.
Қарияның екі ұлы да тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында еңбек етіп жүрген азаматтар. Қыздары да өз жолдары мен бақыттарын тапқан.
Мұсахан қарияның жүзіне қарап отбасындағылардың бір-біріне сүйіспеншілігі, махаббаты, ауыл-аймақтың өзіне деген ықылас-пейілі, адал еңбек адамдарды қартайтпайды екен-ау деген ойға қаласың. Сексеннің сеңгіріне шықса да денесін тік ұстайтын, қаншама қиындық көрсе де жүзін әжім торламаған Мұсахан ақсақал айналасындағыларға асқар таудай көрінеді. Иә, оның ғұмыр тауы қашан да биік...

Гүлхан ЯХИЯ

29 қыркүйек 2020 ж. 1 065 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930