Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаны нәзік, рухы өр

Жаны нәзік, рухы өр

Әйел – ер-азаматтың қабырғасынан жаралған нәзік те сыршыл құбылыс. Алайда өн бойына нәзіктік пен ұяңдықты ұялата білген арулар да қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл сөзімізге Ұлы Отан соғысы жылдарында қолына қару алып, жауға қарсы тұрған қаһарман қыздарымыз бен қара нардың жүгін көтеріп, тылда қызмет еткен ақ жаулықты аналарымыз дәлел емес пе? Олар әйелдердің отбасы, ошақ қасымен қоса ерлерге тән істі де абыроймен атқара алатынын көрсеткен. Бүгінде бұл үрдіс өткеннің көк шаңына көміліп кеткен жоқ. Өйткені біз қазір «бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен әлемді әлдилеген» аруларды сан түрлі салада байқап жүрміз. Тіпті спорт саласымен өмірін байланыстырып, толайым табыстарға жетіп жүрген сырғалылар да аз емес. Олардың қатарында тұрмыс-тіршілігін спортпен байланыстырып, осы салада зейнетке шыққан Алмаш Таңқыбаева ойып тұрып орын алады.
Мақаламыздың кейіпкері А.Таңқыбаева 1945 жылы Шиелі қыстағында қарапайым отбасында дүниеге келген. Орта білімді «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы білім ошағынан алып, оны 1964-1965 жылдары тәмамдайды. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң Шымкент қаласында бухгалтерлер курсында оқып, 1968 жылы Алматы қаласында Қазақтың физкультура институтының физкультура және спорт оқытушысы мамандығы бойынша сырттай оқу бөліміне түсіп, 1973 жылы бітіреді. Айта кету керек, А.Таңқыбаева аталған оқу орнын Қызылорда облысы бойынша әйелдер арасында алғаш болып бітірген. Осындай білім ордасын жақсы аяқтап, маман атанғаннан соң ол өзінің мұғалімдік тәжірибесін Төңкеріс ауылындағы №158 мектептен бас­тауды жөн санайды. Ал келесі жылдан бастап, яғни 1968 жылдың оқу жылынан бастап «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы қазақ орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Қызметтік жолда жүріп сан қырынан танылған А.Таңқыбаева өзінің педагогикалық тәжірибесін насихаттау жөніндегі облыстық ХХІІІ педагогикалық оқуда жасаған мазмұнды баяндамасы үшін облыстық білім беру бөлімінің меңгерушісі У.Туралиевтің «Мақтау грамотасымен» марапатталады. Бұл спортшы қыздың жеткен жалғыз жетістігі емес. А.Таңқыбаева тек мұғалім болып қана қойған жоқ, онымен қоса мектеп командасын дайындап, дүбірлі додаларға қосып отырды. Ол баптаған команда аудандық, облыстық жарыстарда үнемі нәтижелі, жүлделі орындардан көрінген. Мұнымен қоса мектептің әр сыныбына жарыс ұйымдастырып, мектеп ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болашақ жеңімпаздардың іріктелуіне мұрындық болған. Сан мыңдаған оқушының ішінен сараланып шыққан озаттарды облыстық жарыстарға тиянақты да тыңғылықты дайындап, әркез өз бақылауында ұстаған. Сондай-ақ спорт тәлімгері 1979-1985 жылдары аралығында аудандық оқу бөлімінде спорт және алғашқы әскери дайындығының методисі қызметін атқарған. Республикалық жастар ерікті қоғамының пленум мүшесі болып, жылда Алматы қаласында өтетін пленумге қатысып отырған.
Спортың саңлағы саналған А.Таңқыбаеваның өзі де түрлі бәйгеде бақ сынап, талабы мен талантын шыңдап отырған. Әйтсе де ол жеткен жетістіктердің көбі мұғалімдік қызметімен тікелей байланысты. Оған 1978 жылы аудандық мұғалімдер конференциясында «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісін иеленгені дәлел. Сабырлық пен салмақтылықты қажет ететін салада сан жылдар бойы қызмет етіп, тер төккен тәлімгер жан-жақтылығымен де ерекшеленеді. Ол тек білектің мықтылығын қажет ететін спортпен ғана емес, қолы қалт етсе шығармашылықпен де шұғылданған. 1980 жылдары аудандық «Өскен өңір» газетінде әскери-патриоттыққа тәрбиелеу бөлімінің мүшесі ретінде тіркеліп, штаттан тыс тілші болып қосымша жұмыс атқарған. Оқырмандардың Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілігін оятып, рухтандыратын мақалалар жариялаған. Сондай-ақ 1985-1995 жылдары аралығында кәсіподақтардың «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрайымы болып тағайындалған. Осылайша ұлттық спортты насихаттауда көрсеткен белсенділігі үшін «Советский спорт» газетінің редакторы В.Кудрявцевтің мақтау қағазымен марапатталған. ГТО көпсайысынан команданың намысын қорғап І орынға ие болып, мақтау қағазы және «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалін жеңіп алған. Алмаш Таңқыбаеваның спорт саласында жетістікке жетуіне ұйымшыл ұжымының да әсері тисе керек. Себебі ол Ж.Айтжанов, Ә.Өтеев, Л.Капралова, А.Ақпанов, В.Пак сынды аудан абыройын асқақтатқан спорт саласының ардагерлерімен бірге қызметтес болған. Байрақты бәсекеде бой көрсетіп, намысты қолдан бермеу үшін жігерлі ұрпақ дайындауда тынбай еңбек еткен А.Таңқыбаева бүгінде құрметті еңбек демалысына шығып, бейнеттің зейнетін көруде.
Өңір спортында өзіндік қолтаңба қалыптастырған А.Таңқыбаева – келешек ұрпақ үшін үлгі. Оның жүріп өткен жолына қарап, спорттағы сырғалылардың саны артатыны сөзсіз. Ал спортты жанына серік ететіндердің қатары көбейсе, еліміздің байрақты бәсекеде бой көтеріп, беделге жету мүмкіндігі де арта түседі.

С.Ермағанбетов,
ҚР спорт қайраткері,
спорт ардагері
30 желтоқсан 2020 ж. 670 0