Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДЕРТКЕ ДАУА ДАРЫТҚАН

ДЕРТКЕ ДАУА ДАРЫТҚАН

Адам өмірінде мамандық таңдау – тағдыр таңдауымен пара-пар. Әсіресе дәрігерлік жолды таңдаған жанның кәсіби ғұмыры өз тағдырынан гөрі өзгенің өмірімен тығыз астасып жатады. Себебі дәрігер үшін әрбір науқас – үміті мен күдігі қатар өрілген тұтас бір тағдыр. Ал сол тағдырдың ең бір күрделі тұсында адамға демеу болу, дер кезінде диагноз қою, емнің дұрыс жолын табу, өмірге деген сенімін жоғалтпауына себепші болу – үлкен жүрек пен кәсіби білікті қатар талап етеді.
Осындай жауапкершілігі мол жолды өмірлік мұратына айналдырып, ауданның денсаулық сақтау саласына қырық жылға жуық уақытын арнаған дәрігердің бірі – Сәуле Әбенқызы. Ол 1964 жылдың 16 қазанында Шиелі ауданына қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген. Балалық шағы туған жердің топырағында өтіп, білімге деген құштарлығы мектеп қабырғасында-ақ қалыптасты. 1972-1982 жылдары №156 қазақ орта мектебінде білім алып, мектепті үздік аяқтауы оның алғырлығы мен ізденімпаздығын аңғартты.
Мектепті тәмамдаған соң жүрек қалауымен медицина саласын таңдады. 1982-1988 жылдары Алматы Мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетінде білім алып, «терапевт» мамандығын меңгерді. 6 жылдық күрделі оқу кезеңі жас маманның кәсіби іргетасын қалыптастырды. Адам ағзасының сырын тану, аурудың белгілерін ажырату, диагноз қою мен емдеу тәсілдерін меңгеру – болашақ дәрігер үшін үлкен мектеп болды.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман туған өңіріне оралып, еңбек жолын аудандық аурухананың емханасында аймақ дәрігері болып бастады. 1989-1992 жылдары аймақ дәрігері қызметін атқарып, ауыл-аймақтағы тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің қыр-сырын терең меңгерді. Осы кезең Сәуле Жансаринаның дәрігерлік болмысының қалыптасу жылдары болды. Өйткені аудандық медицинада еңбек ету бір ғана тар мамандықтың шеңберінде қалмай, науқастың жалпы жағдайын бағалауды, түрлі аурудың алдын алуды, халықпен етене жұмыс істеуді талап етеді. Ал 1992 жылдан бастап оның кәсіби өмірінің негізгі бағыты айқындалды. Бас дәрігердің бұйрығымен Сәуле Әбенқызы аудан онкологы қызметіне тағайындалып, содан бері бүгінгі күнге дейін осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді.
Онкология – дәрігерден тек терең білімді ғана емес, жан дүниенің нәзіктігін, ерекше сабырды, терең сезімталдықты және әрбір адам тағдырына деген шексіз жанашырлықты қажет ететін тым күрделі сала. «Қатерлі ісік» деген қатыгез диагноз қойылған сәт – бұл тек науқастың ғана емес, оның бүкіл отбасының астан-кестені шыққан мазасыз өміріне айналары сөзсіз. Мұндай жан күйзелген қатерлі сәттерде дәрігердің жүрекке жылы тиер бір ауыз сөзі, дұрыс бағыт-бағдары мен кәсіби шешімі таудай қуат береді. Сәуле Әбенқызы осы салада еңбек еткен жылдары өзін білікті маман ғана емес, ауданның онкологиялық қызметінің негізін қалаушы, ұйымдастырушы ретінде де биіктен көрсете білді. Оның кәсіби ұстанымының түп қазығы – дертті неғұрлым ерте анықтау, науқасқа дер шағында көмек қолын созу, қауіптің асқынуына жол бермеу және тұрғындардың салауатты ғұмырына ықпал ету болды. Ерте диагностиканың құдіретін терең түсінген ол аудан тұрғындарының тек онкологиялық тексерулермен ғана шектелмей, қосымша зерттеулерден өтуін қатаң қадағалады. Әсіресе, өңеш пен асқазан ауруларын уақытында анықтауда эндоскопиялық зерттеу жұмыстарын қатар жүргізіп, талай жанның дертіне шипа тапты.
Оның басқарушылық қабілеті де назардан тыс қалған жоқ. 2003-2007 жылдары бас дәрігердің орынбасары қызметін абыроймен атқарып, амбулаторлық-емханалық жұмыстарды жүйелеуде ұйымдастырушылық қырын жарқырата көрсетті. Осы кезеңде оның тәжірибесі бір ғана емдеу кабинетінің шеңберінен шығып, тұтас бір медициналық ұжымның жұмысын үйлестіру деңгейіне көтерілді.
Жақсының еңбегі ешқашан елеусіз қалмақ емес. Ақ халатты абзал жанның табандылығы мен қажырлы ізденісі жылдар өте келе мемлекеттік және қоғамдық деңгейде өз бағасын алды. Ол – есімдері ел құрметтейтін «жоғары санатты» дәрігер. 2010 жылы облыс көлемінде «Үздік дәрігер» биік номинациясымен марапатталды. 2011 жылдың 14 қазанында «ҚР халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісі табысталып, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. 2013 жылы республика көлемінде аудандық онкологтар арасында ұйымдастырылған байқауда топ жарып, І орынды қанжығасына байлады. Әділқазылар алқасы оның кәсібилігін жоғары бағалап, «Ең үздік аудандық онколог» деп таныды және арнайы төсбелгі мен ақшалай сыйлықпен марапаттады. 2014 жылы Астана қаласында өткен беделді V онкологтар мен радиологтар съезіне делегат болып қатысуы оның республикалық деңгейдегі абырой-беделінің айқын дәлелі болды. Өткен жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне мақтанышпен тақты.
Оның ғұмыры тек қана аппақ халатпен пен медициналық бөлмелермен шектелмейді. Ол – шаңырақтың алтын діңгегі, ошағының отын сөндірмеген ардақты ана, 2 перзенттің аяулы анасы, 5 немеренің нұрға бөленген әжесі. Жолдасы Жұмағали Әбдікәрімов ҚТЖ №57 Қызылорда жол дистанциясында инженер-технолог маманы болып еңбек еткен. Отбасының берекесін сақтап, балаларын тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көріп отырған Сәуле Әбенқызы үшін отбасы мен қызмет бір-бірінен бөлек ұғым емес. Ұлы Еркебұлан Әбдікәрімов Ұлыбританияда жоғары білім алып, бүгінде Астана қаласындағы «Galamat-Sytems» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарып жүр. Бұл да ана еңбегінің бір жемісі іспетті. Өйткені дәрігерлік қызметтің жауапкершілігі жоғары болғанымен, Сәуле Әбенқызы отбасына да уақыт тауып, бала тәрбиесі мен кәсіби міндетін қатар алып келді.
Бүгінгі күні Сәуле Жансарина құрметті зейнет жасына жетсе де, өз кәсібін бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Ауданда жеке онколог маманының тапшылығын ескерсек, оның бұл қызметті жалғастыруы – туған жер тұрғындары үшін аса қажетті өмірлік маңызы бар шешім. Оның ондаған жылдар бойы жинаған бай тәжірибесі бүгінде ауданның онкологиялық қызметінің тыныс-тіршілігіне тірек болып отыр. Дәрігердің еңбегін кейде атақпен, марапатпен өлшеуге тырысатынымыз рас. Алайда ақ халатты абзал жан үшін ең биік марапат – ауыр дертке шалдыққан науқастың дертінен айығып, жарқын өмірге қайта оралуы, жақындарының алғысқа толы көз жасы мен халықтың жүрекжарды батасы.
Сәуле Жансаринаның ғұмыр жолы осындай қарапайым, бірақ мағынасы терең ақиқатқа құрылған. Ол қасиетті жүкті 1980 жылдардың соңынан бері иығынан түсірмей, абыроймен арқалап келеді. Шипа іздеп келген жанға үміт сыйлап, ауыр дерттің зілін жеңілдеткен дәрігердің еңбегі мәңгі жасай бермек!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
06 қазан 2026 ж. 97 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031