Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрек тынысын тыңдаған дәрігер

Жүрек тынысын тыңдаған дәрігер

Адам өміріндегі ең қымбат байлық – денсаулық. Ал сол денсаулықты сақтап, науқасқа шипа сыйлау жолында аянбай еңбек ететін дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары аурулары көбейген бүгінгі таңда кардиолог мамандарға жүктелер жауапкершілік тіптен жоғары. Осындай абыройлы міндетті ұзақ жылдар бойы мінсіз атқарып келе жатқан білікті дәрігердің бірі – Нұргүл Әбдірова.
Нұргүл Қалдыбекқызы 1966 жылы 15 ақпанда Шиелі кентінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан бастап білімге құштар болып өскен ол 1973-1983 жылдары №47 М.В.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінде оқып, жақсы үлгеріммен тәмамдайды. Адам жанына араша болатын дәрігер мамандығын таңдаған жас талапкер 1984 жылы Целиноград қаласындағы медициналық институтқа оқуға түсіп, 1990 жылы терапевт мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.
Еңбек жолын туған жері – Шиелі аудандық емханасында аймақтық терапевт болып бастаған жас дәрігер аз уақыт ішінде өзінің кәсіби шеберлігімен, жауапкершілігімен ерекшеленді. Науқастармен тіл табыса білуі, әр адамның денсаулығына жанашырлықпен қарауы оны халық арасында сыйлы дәрігерлердің қатарына қосты.
Дегенмен Нұргүл Қалдыбекқызы кәсіби ізденісті ешқашан тоқтатқан емес. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мен емдеу ісіне тереңірек ден қойған ол 1999 жылдан бастап кардиолог мамандығы бойынша қызмет атқара бастады. Содан бері аудан тұрғындарының жүрек саулығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді.
– Нұргүл дәрігердің біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында дертіме дауа таптым. Диагнозды дер кезінде анықтап, дұрыс бағыт-бағдар берді. Кардиолог дәрігер – адам жүрегінің сақшысы десек те болады. Ол өмірге үміт сыйлайды. Нұргүл Қалдыбекқызы да жүрек сырын түсініп, әр науқастың жанын емдеуге бар күш-жігерін арнайды. Мейірімі мен білімі ұштасқан кардиолог дәрігер адам өмірінің тамырын тыңдап, жүрекке жан бітіреді. Оның еңбегі – денсаулыққа деген қамқорлықтың, адамға деген жанашырлықтың айқын көрінісі, – дейді емделуші Зәкім Бейімбет.
Расында, кейіпкеріміз кардиолог дәрігер ретінде мыңдаған науқасқа көмек көрсетіп, жүрек ауруларын ерте анықтау, асқынудың алдын алу бағытында табанды еңбек етті. Әр емделушінің жағдайына мұқият қарап, ем-домды дәл қоюы мен кәсіби біліктілігі тұрғындардың сеніміне ие болды. Жүрек дертіне шалдыққан жандарға тек дәрігер ретінде ғана емес, жанашыр адам ретінде де қолдау көрседі.
2014 жылы қайта даярлау курсынан өтіп, функционалды диагностика мамандығын игерді. Бұл оның кардиология саласындағы тәжірибесін одан әрі жетілдіре түсті. Қазіргі таңда Нұргүл Қалдыбекқызы кардиолог әрі функционалды ­диагностика дәрігері ретінде қатар қызмет атқарып, заманауи медициналық әдістер арқылы жүрек ауруларын анықтау мен емдеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол аудандық және облыстық деңгейдегі алғыс хаттармен марапатталып, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалінің иегері атанды. Бұл – халық денсаулығы жолындағы адал еңбектің жемісі.
Әріптестері арасында білікті маман, жастарға бағыт-бағдар беретін тәжірибелі дәрігер ретінде танылған Нұргүл Қалдыбекқызы жас мамандарға да үнемі қолдау білдіреді. Өзінің мол тәжірибесін бөлісіп, кәсіби жауапкершіліктің маңызын дәріптеп жүр.
Отбасында да өнегелі ана, ардақты жар. Жолдасы Маханбетияр Әбдіров еңбек адамы болса, балалары да әр салада табысты қызмет етіп келеді. Үлкен қызы Айнұр – дәрігер, ұлы Мұрагер – бағдарламашы. Егіз қыздары Айшат пен Камшат, ұлы Дидар бүгінде жоғары білім алып жүрген талапты жастар.
Адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырған Нұргүл Қалдыбекқызының еңбек жолы – жас дәрігерлерге үлгі боларлық тағылымды ғұмыр. Адам өміріне араша болып, жүрек саулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген білікті кардиологтың еңбегі әрдайым бағалы.

Г.Әбдіханиқызы
13 мамыр 2026 ж. 11 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031