Бейбіт күннің шипагері
Бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен әлемге шуағын шашатын әйелдер қауымы қашанда қадірлі. Нәзік жандылар ежелден отбасының ұйытқысы, берекесі болумен қатар қоғамға да ықпалын жасап, еңбек етіп келеді.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған, 1969 жылы Бала би ауылында өмірге келіп Абай атындағы №50 қазақ орта мектебін үздік бітірген, 1985-1988 жылдар аралығында Қызылорда медициналық училищесін, одан кейін Қарағанды мемлекеттік медицина институтын қызыл дипломмен аяқтаған Мира Жүндабекова жайлы болмақ. Ол еңбек жолын 1995-1996 жылдары Шиелі аудандық «Жедел жәрдем» станциясында дәрігер болып бастады. 1997-2005 жылдары «Шапағат» дәрігерлік емханасында аймақтық дәрігер, 2008-2011 жылдар аралығында аудандық емханада бас дәрігерінің орынбасары және «дәрігерлік сараптама коммиссиясының» төрайымы, 2012 жылдан бастап «ИП-Болсынай» компаниясында жеке дәрігерлік қызмет жасап келеді.
Халқымызда «Қыран биікке мекендеп, биіктен ұшқанда ғана қанатын қатайтады» деген сөз бар. Олай болса, шипагер Мира Серікбайқызы өзінің жүрек қалауымен адам жанының арашасы – дәрігер болуды, адам өміріне өзінің тарыдай болса да жан жылуын себуді мақсат етеді. Ол өзінің жүрек жылытар жылы лебізімен күнделікті алдына шипа іздеп барған он-он беске дейін науқас жандарды қабылдайды. Солардың қатарында емделуші ақмаялық Манатбек Көпжасаров, кент тұрғындары Анар Ермағанбетова, Клара Тілеубаева, майлытоғайлық Жанат Бошаевалардың шипагер Мираға айтар алғыстары мол. Болмысы мейірімділікке, қарапайым да парасаттылыққа, имандылыққа бай кейіпкеріміз 2015 жылдан бастап науқастарды терапиялық емнен бөлек «алтын ине» (иглотерапия) әдісімен, биылдан бастап «хиджама» (қан алу) әдісімен ем жасап келеді. Медицинадағы ең қажетті фитотерапия, мануальды терапия, «Су-джок» сынды әдістердің қыр-сырын оқып үйреніп, тереңдетілген білім алған дәрігер өз білімін елімізде кең етек алған асқазан, бүйрек, бауыр, жүрек, жүйке ауруларымен ауыратын науқастарды емдеуге жұмсауда.
Адам өмірінің арашасы, бейбіт күннің шипагері өмір көшінен қалмай, ілесе ілгері адымдап, қадам басқан Мира Жүндабекова бүгінде жолдасымен бірге 1 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған жан.
Дәрігерді «ақ халатты абзал жандар» мерекесімен құттықтап, отбасына аман-саулық, зор денсаулық, бақытты өмір тілейміз.
Оразбек Жұмаділұлы.