Дәрігерлердің еңбегі – ерлік
Қателесуге хақысы жоқ екі маман бар. Бірі – дәрігер, Екіншісі – құрылысшы. Бұл екеудің арасында дәрігерге жаза басуға әсте рұқсат жоқ. Дәрігер қателігінің құны – адамның тағдыры, өмірі. Ал, адам өмірі – орны толмайтын, қайтып келмейтін басты байлық. Мұны неге сөз қылдық? Адам жанының арашасы атанған жандар аймақтың әр аудан, ауылында халыққа қызмет етеді. Соның бір шоғыры – Шиелі ауданаралық ауруханасына қарасты терапия бөлімшесінде жұмыс істейді.
Бүгінде жаңа типті аурухананың терапия бөлімшесі 40 төсек орынға және 15 төсек орын күндізгі бөлімге арналған жатын орынмен қамтылған. Жалпы, терапия бөлімінде кардиологиялық, кардиоревматикалық, пульманологиялық, терапиялық науқастар емделеді. Сондай-ақ бөлімшеде жылына 3500-ге жуық науқас стационарлық ем алады. Күндізгі бөлімде 1500 науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Аталған бөлімшеде бас-аяғы 40 қызметкер жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 4 дәрігер, 21 мейіргер, 15 кіші қызметкер бар.
Бүгінде жаңа типті аурухананың терапия бөлімшесі 40 төсек орынға және 15 төсек орын күндізгі бөлімге арналған жатын орынмен қамтылған. Жалпы, терапия бөлімінде кардиологиялық, кардиоревматикалық, пульманологиялық, терапиялық науқастар емделеді. Сондай-ақ бөлімшеде жылына 3500-ге жуық науқас стационарлық ем алады. Күндізгі бөлімде 1500 науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Аталған бөлімшеде бас-аяғы 40 қызметкер жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, 4 дәрігер, 21 мейіргер, 15 кіші қызметкер бар.
Бұндағы тәжірибелі мамандар әлемді дүрліктірген «COVID-19» вирусымен күрес кезінде де еселенген жауапкершілікті көтеріп, өз жандарын шүберекке түйді. Әсіресе пневмония өршіген уақытта дәрігерлер ерлік көрсетті. Қиындығы көп болғанымен, міндетін абыройлы атқаруды парыз санайтын олардың әр күні қарбаласқа толы болды.
Үлкен мен кішіге көмек қолын созып, жанын қоярға жер таппай азапқа түскенді ауруынан айықтырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, ел алғысын арқалап жүрген жоғары санаттағы дәрігер терапевт Бақыт Махмұтқызы – терапия бөлімінде меңгеруші. Ол 1989 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітірген. 1990 жылдан 2006 жылдар аралығында аудандық емханада жұмысын бастаған. Мұнан соң, 2006 жылдан бастап терапия бөлімінде меңгеруші қызметін атқарып келеді.
– Кішкентайымнан дәрігер болуды армандап өстім. Оқушы кезімде жақындарым сырқаттанып қалса «дәрігер болсам өзім емдеп жазып аламын» дейтінмін. Сондықтан болар осы мамандықты ойланбастан таңдағаным. Әрине, қызметімнің жауапкершілік жүгі қаншалықты ауыр болатындығын әу бастан-ақ сезіндім. Қазір мамандығымның жемісін көрудемін. Тіпті онымен мақтанамын. Науқастың тілін табу – бірінші мақсат. Бір жылы сөзбен көңіл күйін көтеруге болады. Адамдар әртүрлі ғой. Кейде түсінбеушілік туындайды, көп жағдайда ықыласқа бөленеміз. Сондықтан халықтың алғысын алу – дәрігер үшін ең үлкен құрмет, – дейді антына адал болған жан.
Табиғатынан салмақты да сабырлы, тәжірибелі маман жас дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруына қол ұшын беріп, көмегін тигізіп келеді. Айта кетейік, үш жылдан бері алқымнан алған пандемия кезінде дәрігерлерге көп салмақ түсті. Олар келген қиындыққа төтеп беріп, аурумен бетпе-бет күресті. Өмір мен өлім арасында жатқан науқастардың жүрегіне үміт ұялатып, барлық ем-домды істеп келе жатқан дәрігерлердің еңбегін де атап өткен жөн. Олар бөлімшеде неврапотолог дәрігер Мира Әкімжанқызы, жас маман дәрігер терапевт Ұлдана Иманбекқызы, тағы да терапевт дәрігер Назерке Нұрханқызы «Халтер», «СМАЮ» аппараттарымен жұмыс істеуде. Жас маман Ұлдананың айтуынша, науқастың үмітін өшірмей, оны өмір сүруге талпындыру, құштарлығын ояту, жақсылыққа сендіру ең бірінші дәрігерге байланысты.
– «Бізді адам жанының арашашысы» деп айтады. Соған лайықты болу қажет. Күн сайын таң атысымен барлық палатаны аралап, науқастардың жағдайын сұраймын. Ибн Сина айтқандай, науқас адамды ең алдымен дәрімен емес, жылы сөзбен емдеу керек. Аз жылдық тәжірибемде осыны терең түсіндім, – дейді жас маман.
Бүгінгі қоғамның мейірбикесі тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, ол ойшыл, үнемі ізденіс үстінде жүретін, адам өмірі үшін дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын маман. Біздің келесі кейіпкеріміз бөлімшенің аға мейіргері Гүлжарқын Ізбасарова 1982 жылдан бастап медицина саласында қажырлы еңбек етіп жүр. Ол 1982 жылы Қызылорда медицина училищесін мейірбике мамандығы бойынша бітіріп, 1982-2008 жылдары аудандық аурухананың балалар бөлімінде, кейіннен 2008-2015 жылдар аралығында хирургия бөлімінің аға мейіргері болып жұмыс істеді. 2015 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін терапия бөлімінің аға мейіргері. Кейіпкеріміз Гүлжарқын Ешмұратова 40 жылға жуық денсаулық саласында жүріп, жанына шипа іздеген талай адамға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, алғысын алған. Өзінің еңбек жолын абыройлы, тиянақты алып жүрген білікті маман. Қазіргі таңда жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруына қол ұшын беріп, көп көмегін тигізіп келеді. Жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесімен бөлісіп, өзінен кейінгі жас буынға білгенін үйретуден жалыққан емес.
Сондай-ақ аға буын дәрігерлер дәстүрін жалғастырушы, жаңа заман талабын пайдаланушы жас маманның бірі – Айдана Өтепханқызы. Адамдарға қамқор болуды кішкентай кезінен санасына сіңіріп өскен Айдананың орта мектепті тәмамдағанда таңдауы медицинаға түсті. Қызылорда медициналық жоғары колледжіне оқуға түсіп, оны 2018 жылы үздік бітіріп шығады. Ол кәсіби міндетін адал атқаруға ант етті. Бүгінде терапия бөлімінің кезекші мейіргері болып жұмыс істейді. Өзінің табандылығы мен іскерлігінің арқасында түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мәселен, «Үздік орта медицина қызметкері-2021» республикалық байқауында I дәрежелі дипломмен марапатталған. Мейірімді медбикенің еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды. Жұмысына тиянақты маман ұжымда – сыйлы, науқастарға – қадірлі.
Осы ұжымда ұлт денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан мейірімді мейіргерлер мен кіші қызметкерлер: Шырын Смағұлова, Үрзия Дүйсенбаева, Роза Жүсіпбекова, Гүлсім Жолманова, Тұрсынай Батырбекова, Гүлзағира Қалдыбаева, Мөлдір Пірманова, Диана Шамуратова, Айгүл Төреқұлова, Гүлжаһан Тұрғанбаева, Зураш Жабуршинова, Замира Адилова, Жұмакүл Төребековалар науқастарға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Жалпы, дәрігерлер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқасқа көмек көрсете алатын өз ісінің мамандары. Яғни, атына заты сай ақ халаттылардың әр күні адам жанын емдеумен, қуаныш сыйлаумен басталады.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ