Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиын сәтте көмек қолын созған жандар

Қиын сәтте көмек қолын созған жандар

Төрткүл дүниеге танымал медицина саласының атасы Гиппократтың «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болуы керек» деген сөзі бар. расында, дәрігер – тек науқасты емдеумен шектелмейтін әмбебап мамандық. Тереңірек тарқатсақ, әр істің байыбына бара алатын, ең бастысы өз-өзіне сенімді, адамгершілік қасиеті болғаны дұрыс. Яғни медицина мамандары халықпен тікелей байланысатындықтан, олардың бойында аталған қасиеттердің болуы жазылмаған заңдылық іспетті. Сәйкесінше оларға артылар жүк те жоғары. Сондай ақ халатты абзал жандардың қатарында сұлутөбелік дәрігерлер де бар.
Сұлутөбе дәрігерлік амбулаториясында 6 жалпы тәжірибелі мейірбике, 1 химизатор, 1 әлеуметтік қызметкер, 1 акушер, 1 егу аяжаны, 1 лаборант, 1 жүргізуші, 1 тазалықшы, 1 күзетші қызмет атқарады. Одан бөлек аталған елді мекенде Шиелі ауданарлық ауруханасының Сұлутөбе бөлімшесі де орналасқан. Бөлімшеде 8 кезекші аяжан, 6 тазалықшы, 1 шаруа иесі, 1 аспаз, 1 аспаздың көмекшісі жұмыс істейді. 2018 жылы күрделі жөндеуден өткен бөлімшеде барлық жағдай жасалған.

Ауыл халқының амандығы үшін басын қатерге тігіп жүрген медицина қызметкерлеріне ауыл қариялары да дән риза. Сала мамандарының айтуынша, тіпті жасы үлкен қариялар бата беріп кетеді екен. Адам тағдыры талқыға түсетін сала болғандықтан, үнемі ізденіс үстінде жүретін дәрігерлер ауыл тұрғындарына күн-түн демей жәрдем беріп, көмек қолын созған. Сұлутөбе ауылы Қызылордаға жақын орналасқандықтан науқастарды көбінесе сол жаққа жіберіп отырғандарын айтады дәрігерлер. Елімізде жаман індет таралған уақытта Сұлутөбе ауылында аға дәрігер Гүлзия Жұмабекова қызмет атқарған. Амбулатория мен бөлімшенің ортасында зыр жүгіріп жүрген аға дәрігердің айтуынша мұндағы әрбір қызметкердің еңбегі зор.

– Жер жаһанды жайлаған коронавирус пен пневмония біздің ауылды да айналып өтпеді. Тіпті 35 жыл осы медицина саласында жүрсем де, осындай жағдайды алғаш рет бастан өткердім. Өте ауыр кезең болды. 13 адам пневмонияға шалдықса, оның 4-еуі Қызылордаға барып ем алды. Ал 7 науқас өзіміздің аудандық ауруханада, ауылдық бөлімшеде болды. 10 күн жатып емделсе, 10 күн үйінде емделіп, әрең дегенде жазылып шыққан науқастар бар. Біздің ұжым осындай сын сағатта қолынан келгенше көмек көрсете білді. Қазір Аллаға шүкір, аяқ алыс төмендеді. Сұлутөбелік қызметкерлер ұйымшылдықпен біркісідей жұмыла жұмыс атқарды. Бұндай жағдай еліміздің басына екінші қайтара тумаса екен. Әлі де босаңсуға болмайды. Барлық талаптарды орындаған жөн, – дейді аға дәрігер.
Айта кетейік, қазіргі таңда Сұлутөбе ауылының аға дәрігері кезекті еңбек демалысында жүргендіктен, оның орнына субординатор Дайрбек Балтаев жүр. Иә, адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. «Дәрігердің жақсысы дертіңе дерт қос­пағаны» дейді дана халық. Ендеше біз де береке бірлігі жарасқан ұжымға сәттілк тілейміз.

Фариза КЕНЖЕШОВА
19 тамыз 2020 ж. 891 0