Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үміт жібін жалғайтын мамандар

Үміт жібін жалғайтын мамандар

Медицина – біліктілік пен шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандық. Сәйкесінше оларға артылатын жауапкершілік жүгі де ауыр. Аталған мамандықтың ерекшелігі де сол, жұмыс барысында ешқашан қателесуге болмайды. Сондықтан медицина қызметкерлері ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. Төрткүл дүниені теңселтіп, жаһанды жайлап, күрмеуі қиын мәселеге айналған коронавирус пен пневмония дерті өршігелі бері, сала мамандарының жұмысы одан әрі қиындай түсті. Сондықтан да біз бүгінгі мақаламызда жеке басы мен отбасының қамын артқа тастап, тасада тығылып қалмай, ақ халатын киіп, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбегін көрсеткенді жөн санадық. Солардың бірі – Алғабас дәрігерлік амбулаториясы.
Аталған амбулаторияда бүгінде 14 адам қызмет атқарады. Ашып айтар болсақ, 2 дәрігер, 6 жалпы тәжірибелі мейіргер, 1 әлеуметтік қызметкер, 1 окушер, 1 химизатор, 1 тазалықшы, 1 жүргізуші, 1 күзетші. Барлығы да өз ісіне адал жандар. Алдына келген кез келген адамды бар ілтипатымен қабылдап, қолынан келген көмегін аямайды. Алғабас дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Ботакөз Уайдаеваның айтуынша, «Ең басты мақсат – халықтың алғысын алу». Осы сөзді өмірлік ұранына айналдырған ұжым бүгінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымшылдықпен қызмет атқарып жүр.
– Кез келген дертіне шипа іздеген жан дәрігерге үміт артады. Сондықтан әрбір медицина қызметкері осыны сезіне білуі керек. Тіпті уақытпен санаспай, құрақұшып көмектескен жөн. Осыны ылғи айтып отырамын. Шынында біздің жұмыс осы жаман ауру дендегелі қыза түсті. Бұрын күніне 20 адам қабылдасақ, өткен карантин кезінде 40-50 адамға дейін қабылдап жүрдік. Олардың арасында дәрігерге көрінуге келгендер де, ем қабылдап жүргендер де бар. Ал мүлдем келуге мүмкіндігі болмаған жағдайларда өзіміз барып жүрдік. Тіпті қатты ауырған науқастарды орталық ауруханаға жібердік. Қазіргі уақытта Аллаға шүкір, аяқалыс төмендеді. Бұл ауруды да еңсеріп шығамыз деген үміттемін, – дейді Б.Уайдаева.
Иә, бүгінгі таңда дәрігерлердің еңбегін дүйім қазақ сөз етуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та медицина қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалады. Шынында мылтықсыз майданда аяғынан тік тұрып, еліміз үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі бағалауға тұрарлық.
Ауыл халқының амандығын ойлап, басын қатерге тігіп жүрген медицина қызметкерлеріне ауыл тұрғындары да дән риза. Тіпті жасы үлкен қариялар бата беріп кетеді екен. Расында, халықтың берген батасы жетістікке жетелеп, биікке шығарады. «Денсаулық – адамның жаны мен тәнінің амандығы». Ендеше ерінбей еңбек етіп, талмай жұмыс істеп жүрген Алғабас дәрігерлік амбулаториясының қызметкерлеріне сәттілік тілейміз.

Фариза КЕНЖЕШОВА
06 тамыз 2020 ж. 483 0