Кеселмен күрескен эпидемиолог
Жұқпалы індеттің алдын алу жалпы қоғамның да, жеке адамның да тікелей міндеті екені анық. Ел бойынша жарияланған төтенше жағдай мен жекелеген аймақтардағы карантиннің енгізілуі, қауіпсіздік шарасының күшеюі коронавирус зардабының өте ауыр екенін айғақтайды. Осындай қиын сәтте адамзат атаулы ақ желеңді жандарға сенім артуда. Өйткені, әлемдегі ең ардақты да құрметті мамандықтың бірі – дәрігерлік. Адам ауруы асқынып, дерті дендеп, дауа іздегенде ақ халатты жандарға жүгінеді. Тісқаққан тәжірибелі дәрігер науқасты дертінен құлан-таза айықтырып, аяғына тік тұрғызады.
Қазір адамзаттың күні оқшаулану мен медицина қызметкерлеріне қарап тұрғаны рас. Ақиқатында инфекция тараған нүктелерде қаймықпай жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге деген құрмет пен сый шексіз болуы тиіс. Індеттің жаппай таралуына жол бермеу үшін әрі дерт жұқтырған науқастардың өмірі үшін жанқиярлықпен жұмыс істеп жатқан қазақ дәрігерлерінің сапында «Шиелі ауданаралық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының эпидемиолог дәрігерлері де бар. Аудандағы емхананы айтпағанда, санитарлық бекеттер мен карантиндік посттарда тәулік бойы кезекшілік етіп отырған медицина қызметкерлерінің үлкен шоғыры сәт сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келуде. Мемлекет басшысы бүгінгі күннің қаһармандарына балаған дәрігердің бірі – Әсел Әлтенова. Шиелі кентінде 1986 жылдың 17 сәуірінде дүние дидарын ашқан кейіпкеріміз 2009 жылдан бүгінгі таңға дейін «Шиелі аудандық орталық ауруханасының» эпидемиолог дәрігері міндетін атқарып келеді. Ол – «Нұр Отан» партиясының мүшесі, медициналық қызметтің запастағы жауынгері, жанұялы, отбасында 2 ұл тәрбиелеп отырған үлгілі ана.
Бүгінгі кейіпкеріміз жайында «Гиппократ антына адал, өзінің дәрігерлік қызметін атқару барысында, сырқаттарға көмегін көрсетуде уақытпен санаспайды, өзінің білімін үнемі көтеруге ұмтылады, медицинаның ең үздік жетістіктері мен технологияларын жұмысында пайдаланады. Адал еңбегінің арқасында әріптестерінің арасында үздік дәрігер маманы ретінде беделге ие» – деді бас дәрігер Н.Әмір. Иә, әлемдік пандемиямен күрес басталғалы ақ халаттылар өз үйін ұмытты. Елдің тыныштығын, халықтың амандығын алдыңғы қатарға қойған Ә.Қалмырзақызы өзінің төл мерекесін де ұмытып кетіпті. Науқастың жанына шипа іздеп шырылдаған дәрігер: «Мен үшін әр қазақ жалғызым, әр адам бауырымдай. Олардың денінің саулығы маңызды. Біз бірге осы індетті еңсеріп шығатын боламыз. Бұл тек дәрігерлердің емес, бәріміздің жеңісіміз болады» – деп жалғады сөз тізбегін.
Бүгінгі таңда дәрігерлердің қайсарлығын сөз етіп, мәртебесін арттыру турасында қалың ел түрлі ой қозғауда. Президент әсіресе, індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге ерекше қолдау көрсетілетінін атап өтті. «Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық», – деді Мемлекет басшысы.
Мұның маңызы ерекше. Дамыған елдерде коронавируспен күреске жұмылдырылған дәрігерлерге ерекше қамқорлық көрсетіледі. Президенттің қабылдаған шешімі еліміздің даму жолындағы тағы бір баспалдағы іспетті. Жалпы ақ халатты абзал жандарға ерекше қолдау көрсету осы пандемия аяқталғаннан кейін тоқтап қалмауы тиіс. Қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпайды. Дәрігерлер – дәл осы денсаулықты сақтауға жауапты бірден-бір қызметкерлер. Яғни олардың еңбегі құрметке әбден лайық.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ