Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқпалы індетті жұқтырғандардың саны артуда

Жұқпалы індетті жұқтырғандардың саны артуда

Дүниені дүрліктірген коронавирус індеті тұтас әлемді бір тарының қауызына сыйғызып жібергендей. Жалпы Қазақстанда 2 адам дерттен айықты деген жағымды жаңалық та бар. Алайда, жаһан жұрты қалыпты тұрмыс ырғағына түсе қойған жоқ. Өйткені, жұқтырғандар саны күн өткен сайын өсіп барады.

Ел ішінде жұқпалы індет дендегелі бері азық-түлігін қамдап, бетперде іздеп дүрліккен халықтың қарасы қалыңдады. Оған себеп тәжтажалдың өзге аймақтарға жетіп үлгергені. 2020 жылдың кешегі дерекке сүйенер болсақ, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 61, Алматы қаласында – 40, Қарағанды қаласында – 4, Шымкентте – 2, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Жамбыл облысында –1, Солтүстік Қазақстанда – 1, жалпы 111 науқас тіркелген. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында 1 әйел осы індеттің құрбаны болды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев мәлімдеп, науқастың отбасына көңіл айтты. Демек жауапкершіліктің жүгі ауырлай түскенін ұғынуымыз керек. Мәселен, Өзбекстан елінде көлік қатынасы тоқтатылып, бетпердесіз көшеге шыққан адамға айыппұл салынатын болды. Әлемді дүр сілкіндірген індетпен күресті осылай ауыздықтауға көшкен көрші елдің іс-әрекеті құптарлық дүние емес пе? Өйткені, ауру жайлаған қаладан ауылға қайтқан студенттер әр жерде бас қосып, бос сергелдеңге түсіп жүр. Тіпті әлеуметтік желілерде де індетпен күресудің орнына әжуалап, күлкіге айналдырып жүргендері қаншама. Ел басына күн туған шақта ауызбіршілік танытып, сауапты іс жасап, түзу сөйлеген жөн емес пе?
Қазіргі кезде ел үшін қам-қарекеттің қатарындағы, істің бірі – сөз. Хакім Абай «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын», деп өткен ғасырда айтып кеткен еді. Оттың шаласы, сөздің аласы жаман. Бүгінде отыз тістен шыққан сөз отыз рулы емес, қалың қазақ жұртына тарап жатыр. Тәжтажалдың кесапатын өсіріп те, өршітіп те, құбыжық қылып та әлеуметтік желіде толассыз айтуда. Қалың нөпірдің ақ-қарасын айырып жатпай, ерігіп ап, еліріп, сөз додасына түскендер көбейді. Рас, ел аузына қақпақ болатын заман өтті. Бірақ ауыз менікі екен демей, «Ашуың келсе, қолың тарт, айтпас жерде тілің тарт» дегенді ескергеніміз жөн-ақ. Өсек-аяңды қоздыру мен тарату – аса қауіпті эпидемия. Не айтсаңыз да ойланып барып, тосып айтыңыз. Кесірлі ауыздың кесапатты сөзінен талай тағдырдың опық жейтінін қаперден шығармайық. Қазір біреуге өкпелейтін де, кіжінетін де, жазғыратын да уақыт емес. Елдің еңсесін түсіріп, үрейін алу – қаскүнемнің ісі. Абайша айтсақ, дәл қазір абзалы – ақылға жүгіну.

1 айлық көлеміндегі сыйақы кімге берілмек?
Қазақстанға коронавирус келді дегеннен жеңін түріп, вирус жұқтырған жандарды емдеу үшін үй көрмей, күні-түні науқастың жайын жасаған дәрігерлердің еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Біз бен сіз үшін жанын шүберекке түйген дәрігерлермен қатар полиция қызметкерлерінің де ерлігін ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Бүгінде алдыңғы шепте өз бастарын үлкен қатерге тігіп, демалыссыз жұмыс істеп жатқан біздің азаматтарымыз – дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар өз отбасыларын сирек көреді. Соған қарамастан, өздерінің азаматтық және қызметтік борыштарын толық орындап жүр. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырамын, – деді.
Одан бөлек төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 42 500 теңге төлеуді тапсырды. Жалпы мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді деп есептелуде. Бұл аурудың алдын алу мақсатында жасалып жатқан шаралардың бірсыпырасы. Ал аудан, ауыл көлемінде әрбір мекеме, адам көп шоғырланатын орталар айналасын хлорлы сумен жуып, тазалық жұмыстарын қадағалауда. Сондай-ақ, аудандық аурухананың ескі ғимаратынан арнайы төсек орын дайындалуда. «Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 50 пробизорлық төсек жұқпалы індеттің белгісі кездескен, алайда нақты диагноз қойылмаған науқастарға арналды. Одан бөлек тағы 50 коронтиндік төсек дертті жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарға дайындалды. Ал 25 төсек аталған ауруды жұқтырған, диагнозы анықталған науқастарға дайындалды. Жаман дерттің бетін аулақ қылсын, біздікі тек сақтық шаралары» – деді ауданаралық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева. Әрине, әлемнің 139 елін еңіреткен коронавируспен күресу жолында бәріне де сақтықпен, жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс. Ең бастысы, бұл біз бен сіздің амандығымыздың кепілі.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ


27 наурыз 2020 ж. 475 0