Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абзал жандар ардақталды

Абзал жандар ардақталды


Жаздың жайма шуақ күндерінде аталып өтетін мерекелер аз емес. Соның бірі – медицина қызметкер­лерінің күні. Маусым айының үшінші жексенбісі – елімізде медицина қызметкер­лерінің кәсіби мерекесі дәстүрлі түрде аталып өтеді. Бұл – әр секунд сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-қайратын салатын және өмірі арпалысқа түскен адам тағдырына араша түсуші абзал жандардың төл мейрамы. Бұл күнде мыңдаған дәрігерлер, аталған саланың қызметкерлері мерекені ерекше күтетіндігі жасырын емес.
Аудандық мәдениет үйі өткен жұмада халыққа лық толды. Емен-жарқын, көтеріңкі көңіл-күйдегі жандар, құшақ-құшақ гүлдер, құттықтаулар легі. Бұл құрметтің барлығы өздеріңіз байқағандай ақ халатты жандарға арналды. Нақ осы құрметке жауапкершілікті аса қажет ететін маман иелері лайық-ақ.
Осыған орай, аудан көлемінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне арналған салтанатты жиын өтті. Салтанатты шараға ауданның денсаулық сақтау саласының мамандары мен ардагерлері жиылды. Мерекелік іс-шараға қатысқан аудан басшысы Ә.Оразбекұлы дәрігерлерді төл мерекесімен құттықтап, игі тілегін жаудырды.
– Ардақты медицина мамандары, сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Денсаулық – адам үшін баға жетпес құнды байлық десек, «Алладан кейінгі құтқарушы, ақ халатты періште» деуге боларлық абзал жандардың төл мерекесі де келіп жетті. Бұл мереке адам жанына араша болып, шексіз құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде де сенімнің үдесінен шыға білген, асқан шеберліктің иесі дәрігерлердің ғана емес, барша халықтың мерекесі. Себебі, әр адам үшін оның денсаулығы мен өмірінен артық құндылық жоқ. Сіздердің көмектеріңізбен тоқтаған жүректер қайта соғып, үзілген үміттер қайта жалғанады. Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, баянды бақыт тілеймін. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі әрдайым арта берсін,– деген аудан басшысы аудан көлеміндегі саланың тынысына да тоқталып өтті.
Атап айтқанда, ауданда емдеу мекемелерінің заманауи құралдармен жабдықталуы, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, әр отбасының, әр азаматтың денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде. Ал, аудандағы 80 мыңнан астам халыққа 151 дәрігер, 716 орта буын мамандар медициналық қызметтің 27 түрі бойынша күні-түні аянбай, сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді екен. Аталған дәрігерлердің 13-і жоғары санатты дәрігерлер болса, 1 санатта – 33, 2 санатта – 11, ал, орта буын мамандары арасында жоғары санатты 108 маман болса, 1-2 санатты мамандар саны 37-іні құрайды екен. Сонымен қатар, емдеу-диагностикалық жұмыстарын жақсарту мақсатында заманауи гематологиялық, биохимиялық анализаторлары толық іске қосылып, жұмыс жасауда. Ауруханада ауыр жағдайда түскен науқастарға реанимациялық көмек көрсетуді жақсарту үшін «КЩС» аппараты сатып алынып, тиімді пайдаланылып жатқандығынан хабардар болдық. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Н.Бекежанов, Алғабас, Жөлек елді мекендерінде дәрігерлік
амбулатория ғимараттары салынып жатқандығы да аян болды. Міне, осы лектегі сала бойынша атқарылып жатқан игі істерден хабардар болған аудан тұрғындары бір желпініп қалды.
Сонымен, бірқатар сала қызметкерлеріне «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері және «Үздік дәрігер» номинациясы мен қаржылай сыйақы, сондай-ақ, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты жиын соңы мерекелік бағдарламаға ұласты.
Аудан өнерпаздары мереке иелеріне керемет әндерін сыйлап, мерекелік көңілді одан әрі көркейтті.

Дина ЖҮСІПОВА.
19 маусым 2018 ж. 2 766 0