Эндокринолог дәрігер
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Бұл халық даналығы заман жаңарып, уақыт өтсе де өзектілігін жоймақ емес. Мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған дәрігер ісі қашанда құрметке лайық. Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір науқасқа дәрігерлік қызметті қалтқысыз көрсететін ақ халатты жандар көп арамызды. Солардың бірі дәрігер-эндокринолог Гүлнар Нәлтаева.
Біздің қоғамда сан түрлі мамандық бар. Соның ішінде адам жанының арашасы болып, ұлт саулығы мен ұрпақ амандығын ойлайтын дәрігерлер қауымының орны бөлек. Табан ет, маңдай термен келетін бұл мамандыққа екінің бірі, егіздің сыңары бел байлай бермейді. Жауаптылық пен еңбекқорлық, жанашырлық пен адалдық көбіне-көп осы ақ халатты абзал жандарға тиесілі қасиет. Әсілінде, Тәңірінің назары түскен тұлға ғана дәрігер болса керек-ті.
Отыз бір жыл еңбек өтілі бар Гүлнар Нәлтаева да осы ұлылық биігінен бір төмендеп көрген жоқ. Ол 1963 жылы Жаңақорған ауданында кіндігі кесіліп, буыны бекіген соң Ақтөбе облысындағы мемлекеттік медицина институтында «Педиатерия» мамандығын алып шығады. Оқуын ойдағыдай аяқтаған соң, Шиелі топырағына келін болып түсіп, 1990 жылы Шиелі ауданаралық ауруханада учаскелік аймақтық педиатерия дәрігері болып алғаш еңбек жолын бастаған. Бұдан соң, 1999 жылы Алматы облысындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында «Жанұялық дәрігер» 6 айлық курсын оқып келіп, ауданға қарасты қазіргі Шеген Қодаманов ауылында 1999 жылдан 2003 жылға дейін «жанұялық дәрігер» қызметін атқарды. Содан кейін 2003-2009 жылдарда Шиелі ауданаралық ауруханада «жасөспірімдер дәрігері» болып еңбек етеді. Тағыда Алматы облысындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында «Эндокринолог» мамандығын оқып шығады. Ол 2009 жылдан Шиелі ауданаралық ауруханада «Эндокринолог» болып жұмыс атқарып келеді. Бүгінде Гиппократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарып жүрген сақа маман.
Қазіргі кезде елімізде белең алған дерттің бірі қант диабеті. Өкінішке қарай, аудан көлемінде жылма жыл қант диабетіне шалдыққан науқастардың саны көбейіп келеді. Біздің Шиелі ауданаралық аурухнада қант диабетіне шалдыққан науқастар саны 1252 адам болса, 2012 жылдан бастап 10 бала тіркелген. Бұл науқастардың барлығын амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында қажетті дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдармен толықтай қамтамасыз етілген. Оның ішінде арнайы инелері бар инсулин жіберетін арнайы құрылғы, тест жолақша мен инсулин помпаларымен науқастар қамтылғанын айтты.
Қант диабетіне шалдығатын науқастардың басым көпшілігі «Кока-Кола», «Горилла», «Чипсы», «Кериешки» сияқты құрамында газ бен тұзы көп, майға қуырылған құрғақ тағамдарды көбірек пайдаланғаннан болса, бір жағынан дұрыс тамақтанбау, қалыпты нормадан артық салмақтың жиналуы және күйзеліс әкеліп соқтырады. Ағзасында қан мөлшері жоғарылаған адамда әлсіздік, шаршау пайда болады, көңілі құлазиды, аяқ-қолдары жансызданады. Ауруды дер кезінде емдемесе, оның асқынуы күшейіп, әлсіздік пайда болады. Несін жасырайық, сусамыр кеселінің симптомдары байқалса да немесе біздер нақты диагнозды қойып берсек те саулықтарына салғырт қарайтын, дертіне аса мән бермейтін науқастар бар. Көбіне оларды уақытылы тексертуге жақын-туыстары арқылы іздеу салып, шақырып алуға мәжбүр боламыз дейді эндокринолог Гүлнар Нәлтаева, –
Алайда, әлем дәрігерлері сусамыр дертінің нақты емін таба алмай отырғандықтан, әзірше оның ең басты емі – дұрыс тамақтану, дене қимылын көп қажет ететін спортпен айналысу екендігін түсіндіреді. Сондай-ақ, қауіпті өнімдерді тұтынуды азайтып, пайдалы әрі құнарлы асқа бет бұруы керек. Әр науқас рационын жаңа піскен көкөністермен, жемістермен , ет пен балықтың майсыз піскен түрлерімен, қышқыл сүт өнімдерімен байытқан жөн. Сонда ғана денедегі қан айналымы дұрысталып, қандағы қант реттеледі.
Әрине, өмір болған соң қалтарысы мен бұлтарысы болмай тұрсын ба? Айтпай келген ауруды адам баласы кеш біліп жатады. Алайда, үзілген үміттерді жалғап жүрген Гүлнәр Санаққызы сынды медицина қызметкерлері барда қант диабетіне шалдыққан науқастар саны ауданымызда азаяды деп сенеміз.
Шапағат Тілеубаев