Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы

Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы

Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Сондай жандардың бірі – «Көкшоқы» ауылдық емханасының бөлім меңгерушісі Ұлжан Жүнісова.
Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Расында, жанын қоярға жер таппай қиналғанда өміріне араша болып, саулығы сыр бергенде емдеп-жазып жатса, науқас үшін бір бақыт емес пе? Адам өмірі мамандығы бұрылыстар мен құбылыстардан тұратын ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Өмірге Алланың қалауымен келсек, дәрігердің қолымен кіндігіміз кесіліп, анамыз бізді дәрігер көмегімен құшағына алды. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі де осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни, дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Алайда олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр. Бұл сөзімізге індет өршіген уақытта ақ халаттылардың аяусыз еңбек еткені дәлел. Расында коронавирус індеті жайылғанда жанын шүберекке түйіп, халық саулығын ойлаған «Көкшоқы» ауылдық дәрігерлердің еңбегі де ерекше екенін атап өткеніміз жөн. Бүгінде «Көкшоқы» ауылдық емханасында Ұлжан Жүнісованың басшылығымен аймақ дәрігері Ғалия Серікбайқызы мен аймақ мейіргері Лаура Талантқызы тегін дәрілерді дер уақытында таратып береді. Тіпті, егде жастағы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне де жеткізіп береді. Осылайша таң мен кештің арасындағы үздіксіз жұмыстары үзілген емес.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
15 қаңтар 2021 ж. 823 0