Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Антына адал ақ халаттылар

Антына адал ақ халаттылар

Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Расында, жанын қоярға жер таппай қиналғанда өміріне араша болып, саулығы сыр бергенде емдеп-жазып жатса, науқас үшін бір бақыт емес пе? Адам өмірі мамандығы бұрылыстар мен құбылыстардан тұратын ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Өмірге Алланың қалауымен келсек, дәрігердің қолымен кіндігіміз кесіліп, анамыз бізді дәрігер көмегімен құшағына алды. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі де осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни дәрігерлерге артылар жүк те жауапкершілік те ауыр. Алайда олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр. Бұл сөзімізге індет өршіген уақытта ақ халаттылардың аяусыз еңбек еткені дәлел.

Сәрсенбінің сәтті күні. Елдегі карантин режимінің қатаң екені барлығымызға мәлім. Бірақ жұмыс барысымен аурухана табалдырығын аттауға тура келді. Осы уақытқа дейін дәрігердің алдына шипа іздеп баратын едім, енді міне, олардың жұмысымен жіті танысуға келдім. Ауруханаға кірудің оңай емесін білгендіктен бетіме бетперде тағып, қолымды қайта-қайта антисептикпен сүрттім. Ашылғанына жыл толмаған аурухананың қабылдау бөліміне қадам басқанда да қолымды тағы тазарттым, дене қызуымды өлшеп, барлығының жақсы екеніне көз жеткіздік. Айналама мән беріп қарағанда ең бірінші байқағаным тазалықшылардың жұмысы болды. Тазалықты қатаң талап ететін орында қылаудың ізі де байқалмайды. Ал алғашқы көмек көрсету бөлмесінде мейірбикелер науқастарға ем-дом жасауда. Бізді қабылдау және жедел медициналық бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы Райымбек Бимурзаев қарсы алды. Жас болса да, бас болып отырған дәрігердің кабинетіне жол тартқан соң, жас маманмен таныстық.
Райымбек Баканұлы – қазір жиырманың жетеуіне жеткен жігіт. «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, Райымбек нағашыларына еліктеп, ақ халат киюді армандаған. Содан кейін бозбаланың ұшқыр арманы қияға қонып, 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы медициналық мемлекеттік академиясына оқуға түскен. Зілі ауыр мамандықты игеру барысында Райымбек жауапкершілік, ыждағаттылық сынды қасиеттерге аса мән беріп, Гиппократ антын алғаш рет қабылдаған.
– Қазақта «Уәде – Құдай сөзі» деген сөз бар ғой. Осыған қарап-ақ анттың жауапкершілігі ауыр екенін аңғаруға болады. Бұл жерде ең қиыны – ар азабы. Егер антты қабылдап, сол антқа берік болмасаң өз-өзіңді жегідей жейсің. Біз халыққа адал әрі кез келген уақытта көмектесуге, қызметімізді жеке өмірімізбен араластырмауға ант бердік. Аллаға шүкір, қазір сенім үдесінен шығудамын деп ойлаймын. Сол үшін барынша тырысып жүрмін. Көпшіліктің алдында жүзім жарық, беделім биік болып жүргім келеді. Оның үстіне дәрігерлердің ант қабылдайтынын барлығы біледі. Білгендіктен біздің антымызға берік болуымызды бақылап жүреді десем қате емес. Алайда тек ант үшін жұмыс істейміз деп айтуға да болмайды. Біздің жұмыстың астарында ең әуелі халықтың алғысы мен ақжарма тілегі жатыр, – дейді Райымбек Бимурзаев.
Медицина – сан түрлі сынақтармен сыналатын сала. Бұл мамандықты меңгерген жандарға мүлт кетуге болмайды. Дәрігер өз ісіне қаншалықты жауапты әрі сенімді болса, соншалықты адамды ажал аузынан алып қалуға мүмкіндік бар. Сондықтан дәрігер болғысы келетін жандар бұл қызметке сатылап көтеріледі. Райымбек те солай. Ол 2018 жылы оқуды тәмамдаған соң өз жұмысын Сұлутөбе ауылдық округіндегі ауруханадан бастаған. Университет қабырғасында қанатын қомдап, білім нәрімен сусындаған ол білімін тәжірибе жүзінде іске асырады. Ауылдық ауруханада жүріп, ауыл тұрғындарының дәрігеріне айналады.
– Еңбек өтілімді ең бірінші ауылдан бастағаным мен үшін қуаныш. Өйткені, ол жақтағы халықтың дәрігерге деген ыстық ықыласы мен ерекше көңілін аңғардым. Әсіресе, үлкен кісілер бізге зор сеніммен қарайды. Ал ауданда талап жоғары. Мұнда халық саны көп болғандықтан ба келушілердің арасында әртүрлі адамдар болады. Кейбіреулері біздің жұмысымызға түсіністікпен қараса, енді біреулері тым жоғары нәрсені талап етеді. Арасында сөзбен сұлқ түсіріп, сілкіп-сілкіп алатындары да бар. Бірақ біз барлығына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, денсаулығын қадағалаймыз, – дейді Райымбек сөз тізбегін әрмен қарай жалғап.
Бөлім меңгерушісінің міндетін атқарып жүрген Райымбек Баканұлымен тілдесу барысында бөлменің есігі бір емес бірнеше рет қағылды. Сәйкесінше дәрігер де біздің күте тұруымызды сұрап, ауық-ауық сыртқа шығып кетті. Сол арада түсінгеніміз дәрігерлер үшін әр минут маңызды екен. Олар тығыз әрі шапшаң қызмет атқаруда. Бір сәтте бірнеше науқасты қабылдап, диагноз қойып, алғашқы көмек көрсетуде. Тіпті аяғы аяғына жұқпай, әрлі-берлі жүгіріп жүрген медбикелер де жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда, аурухандағы қарбалас жұмыс дәрігерлердің бір сәт демалуына мұрша бермейді.
Қабылдау бөлімінің дәрігерімен танысып болған соң, Райымбек Бимурзаевтың ізіне ілестік. Алдымен қаз-қатар тұрған палаталарға кіріп, науқастардың жағдайын сұрастырдық. Тырп етпестен төсекте таңылып жатқан жандар дәрігерлерге сенім артуда. Есіктен енген мейірбикелерге үмітпен қарап, дертке дауа болар ем-домды асыға күтеді. Мұндағы науқастар әртүрлі диагнозбен түседі. Әуелі қабылдау бөліміне келіп, алғашқы көмек алып, сосын қабылдау бөлімінің дәрігерлері нұсқаған жаққа барады. Қысқасын айтқанда, қабылдау бөлімі науқастарға талдау жасайды. Оларды арнайы үш жолақ бойынша бөліп, тиісті шара қолданады. Қабылдау және жедел медициналық қызмет бөлімінде 67 қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде біреуі дәрігер болса, 11 мейірбике, 5 диспетчер, 7 тазалықшы, 16 жүргізуші бар.
– Біздің бөлімде науқастардың жағдайын нақты анықтайтын арнайы аппараттар бар. Сол арқылы емделушінің жай-күйін бақылап, сол ауруға қарайтын дәрігерді шақырамыз. Ал егер жағдайы жақсы екеніне көз жеткізсек, бірден үйіне қайтара салмай, аймақтық дәрігеріне тапсырамыз. Әсіресе, қазір денсаулыққа қатты мән беретін уақыт. Бұған дейін Шиелі ауданында жүрек ауруы мен бас-ми қан айналымының бұзылысы жайлы шағым көп түсетін еді. Ал қазір халықтың басым көпшілігі дене қызуы және жөтелдің асқынуы жайлы шағым айтуда, – дейді дәрігер.
Иә, қазір қай ауруханаға барсаңыз да, қос өкпесі бірдей қабынып, жөтел жан алқымынан алған жандарды кездестіресіз. Мұндай сәтте дәрігерлердің де жұмысы күрделене түскені анық. Әсіресе, ренгтен бөліміне келушілердің қарасы қалың. Қабылдау бөлімінің қызметімен танысып болған соң, ішектей созылған дәлізбен жүріп, ренгтен бөліміне келдік. Ауруханадағы жабулы тұрған әр есіктің маңызы зор. Тіпті әр бөлменің ауа температурасы мен ішіндегі заттары да әртүрлі. Мұнда кез келген адам бас сұғып, кіре алмайды. Тек дәрігермен бірге кіруге рұқсат.
Ренгтен бөліміне келген сәтте бізді лаборант Гаухар Қожаназарова қарсы алды. Мұнда 2 ренгонолог, 6 лаборант, 1 тазалықшы қызмет атқарады. Лаборанттың айтуынша, коронавирус індеті тіркелген сәттен бастап мұнда келушілердің саны артқан. Әсіресе, өткен 2 аптаның ішінде күніне 200-ге жуық адам қаралған, олардың 70 процентіне жуығы пневмонияға шалдыққан. Ал шілде айының басынан бүгінге дейін 2400 адам ренгтенге түскен.
– Менің дәрігерлік қызметте жүргеніме 27 жыл болды. Бірақ мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмын. Ауруы асқынған халықтың дәл бұлай келуін алғаш рет көруім. Соған байланысты жұмысымыз да ауырлай түсті. Дәрігерлерге күш түсіп жатыр. Өзіміздің де дене қызуымыз көтеріліп, ауырып шықтық. Бірақ біздің міндетіміз – халықтың денсаулығын сақтау. Сол міндетімізді абыроймен атқаруға тырысамыз, – дейді Г.Елеусізқызы.
«Дәрігерлер дұрыс қарамайды», «Жедел жәрдем жылдам келмейді», «Мейірбикелер емделушіге жайдары болмайды» осы және өзге де сындарды көпшілік орында естіп жүрген боларсыз? Тіпті сіз де ашудың ырқына ерік беріп сөзбен сілкіп алған шығарсыз. Бірақ адам жанының арашасы болып жүрген жандардың орнына өзіңізді бір сәт қойып көрдіңіз бе? Әр емделушіні сағат сайын бақылап, әртүрлі диаг­нозбен жұмыс істеп, көңілін аулауға, ине салып тыныштандыруға, ауруханадан құлан таза айығып кетуіне атсалыса аласыз ба? Сырт көзге қарағанда бір сарынды көрінетін дәрігерлердің жұмысын атқаруға сабырыңыз бен батылыңыз жете ме? Бұл сауалдардың жауабын білу үшін бір сәт дәрігерлердің тіршілігімен тыныс­тап көрген дұрыс шығар. Сол сәтте дәрігердің жұмысы жанқиярлық еңбек екенін ұғынармыз.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
25 шілде 2020 ж. 720 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031