Алтын қолды қауымның, ғұмыры лайық алғысқа
Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр: «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты», – дейді. Расында, жанын қоярға жер таппай қиналғанда өміріне араша болып, саулығы сыр бергенде емдеп-жазып жатса, науқас үшін бір бақыт сол емес пе? Адам өмірі мамандығы бұрылыстар мен құбылыстардан тұратын ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Өмірге Алланың қалауымен келсек, дәрігердің қолымен кіндігіміз кесіліп, анамыз бізді дәрігер көмегімен құшағына алды.
Денеге дерт дендегенде көмектесер жанның керегін адамзат ықылым уақыттан білген. Медицина тарихы беттерін парақтасақ, ғылымның негізін қалаған, европалықтар «Авиценна» атайтын Ибн Синадан бастап, ауру мен ем туралы түсінікті қалыптастырған тау тұлғалардың еңбектері әлі күнге дейін әлем тілдеріне аударылып, студенттер негізін осы ғұламалардың ғылымынан алатын кітаптарды оқуда. Тарихы тереңге бойлайтын қазақ шипагерлігінде халық емшілері «дәріні» табиғат анадан алып, түрлі емдік шөптерді пайдаланған. Сол заманғы емдеу тәсілін қазіргі заманға сай жаңғырған жүйеде қолданып, ұлттық медицина ретінде танытып отырған емдеу орындары Алтай, Іле, Құлжа аймақтарында кездеседі. Ғылыми медицинадағы қазақ дәрігерлерінің легі Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Қарабаев, Әміре Айтбақин, Әбубәкір Алдияров, Есенғали Қасболатов, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжановалардан басталады. Аурудың артық астан екенін түсіндіріп, сақтандырудан жалықпайтын гигиенист-нутрициолог ғалым Төрегелді Шармановтың та медицинаға сіңірген еңбегі орасан.
Әлемде дамыған медицинаның үлгісін Испания, Израиль, Жапония, Сингапур, Гонконг секілді мемлекеттер көрсетіп отыр. Тұрақты ізденіс пен қажымас еңбекті талап ететін жауапкершілігі мол салада жаңа технологиялар мен білікті кадрлар жұмыс істейді. Израильде авторлық дәрілер ойлап табылып жатса, Жапонияда отаны роботтар жасайды. Испандардың елінде дәрігер мамандығын иелену үшін үлкен сынақтар мен тәжірибелерден өтуге тура келетін көрінеді. Қателігіңді кешірмейтін бұл мамандық дерті дендеген науқасқа жанашырлық пен төзімділік танытып, сауатты, білікті болуды талап етеді.
Сайып келгенде жауапкершілігінде сан сынақтармен сыналатын адам өмірі тұратын сала иелері қандай да болсын құрметке лайық. 15 маусым – медицина қызметкерлері күні аудандық мәдениет үйінде осы саланың бірқатар майталмандары марапатталды. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы сала мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, салтанатты түрде алғыс хат пен мерекелік гүл табыстады. Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрлан Әміров сахна төріне көтеріліп, құттықтау сөз сөйлеп, алтын қолды дәрігерлерге еңбекте абыройлы болуларын тіледі. Кеш барысында ән шырқалып, би биленді. Біз де берекесі қашып, уайымы асқандардың сенімге берік шипагері болып, өмірде тек алғысқа бөленіңіздер дегіміз келеді.
Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА.