Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын қолды қауымның ғұмыры лайық алғысқа

Алтын қолды қауымның ғұмыры лайық алғысқа

«Әзілхан!
Мен тәуір сияқтымын. Мұндағы дәрігерлердің мені бағып-қағуына тәнтімін. Бәрі мені өз аналарындай ардақтайды. Ертең сен осыларға сыйлық әкел. Кулинарлық магазинде 4-5 килограмдық үлкен торт болады. Соның біреуін сатып ал. Сол магазинде одноразовый тарелкалар мен вилкалар болады. Соның әрқайсысынан 24 данасын қоса әкел. Бұл бөлімде 8 дәрігер, 16 медсестра мен нянялар бар. Соларға арнап 24 конверт жасап, дәрігерлерге – 2000 теңгеден, медбике мен няняларға 1000 теңгеден салып алып кел». Бұл жазушы Әзілхан Нұршайықовтың зайыбы Халиманың ауруханада жатып жолдаған хаты. Осы үшбу хаттан Халиманың ақ халатты абзал жандарға деген құрметін, сол құрметтің астарында дәрігерлердің ерен еңбегін байқауға болады. Демек дәрігерлер қай уақытта болсын құрметке лайық.
Ауру алқымынан алып, денсаулығына дерт жабысқан әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Алайда, олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр. Сондай жандардың бірі – Шиелі ауданы ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Жанар Шоқаева.
Ж.Әскерқызы қазір отыздың бесеуіне келген келіншек. Ол 2008 жылы Ақтөбе қаласында мемлекеттік медициналық академияны тәмамдаған. Ал еңбек жолын 2019 жылы Шиелі аудандық ауруханасында «Салауатты өмір салтын» қалыптастыру маманымен бастаған. Сол жылдың қазан айынан бастап эпидемиолог қызметіне ауысқан. Қазіргі таңда Жанар Шоқаева шұғыл жұмыс істеуде. Әдеттегідей таңғы сағат 8:00-де келіп, кешкі сағат 19:00-де үйге қайтпайды. Уақытпен санаспайтындықтан жұмыстан үйіне қайтуды да қойғанына біраз уақытқа таяды. Оның бір ғана себебі бар. Ол – әлемді жайлаған коронавирус. Иә, дүниені дүдәмәл халге түсірген вирустың ауыртпалығын дәрігерлер тартуда. Олар күн сайын қатермен бетпе бет келуден бөлек, отбасысынан да алыстады. Мәселен, Жанар Әскерқызын айталық. Ол індет жұқтырған науқастарды палатаға жайғастырып, шұғыл анализ алумен айналысады. Сондықтан күндіз де, түнде де жұмыс істеуге мәжбүр. Оның үстіне арнайы көзілдірік пен бетпердені және киімді шешуге болмайды. Ал ол киімнің қаншалықты ыңғайсыздық тудыратыны бізге беймәлім. Алайда, сол сәтті Жанар Әскерқызы айтып берді.
– Ауруханада жүргенімізге бір айға жуық уақыт болды. Осы жерден ас-суымызды ішеміз. Ауру уақытқа қарамайды ғой. Кез келген сәтте науқас келіп қалуы мүмкін. Біз барлығына дайын болу қажетпіз. Сондықтан арнайы киімді шешпеуге тырысамыз. 3-4 сағат сайын ауыстырып тұрамыз. Әрине, ауа өтпейді, тыныс алу қиын. Әрі емін-еркін жұмыс істегенге де ыңғайсыз. Бірақ шыдаймыз. Өйткені, барлығымыздың деніміз сау болғаны маңызды, – дейді эпидемиолог.
Ж.Шоқаева – шаңырақта ата-енесінің тәрбиесіндегі келін, үш бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, асыл жар. Қуаныштысы, Жанардың осындай жұмыс режиміне отбасы мүшелері қарсы емес. Керісінше жолдасы мен ата-енесі қолдау білдіреді екен.
– Ең кішкентай балам 2-де. Әрине, ол мазасызданып, жылайды. Бірақ үйде атасы мен әжесі балаларымның қабағын бағып, жағдайын жасап отыр. Маған да қолдау білдіруді ұмытпайды. Әркез байланыста отырамыз, – деп жалғады сөз тізбегін.
Қазіргі таңда қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем дәрігерлерге иек артуда. Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Расында, жанды шүберекке түйіп, жүрек соғысы баяулап, тыныс тарылғанда аурудан айықсаң бақыт деген сол емес пе? Ал сол бақытқа біз дәрігерлер арқылы қол жеткіземіз. Өмірге Алланың қалауымен келсек, кіндігіміз дәрігердің қолымен кесіліп, анамыздың құшағына сол ақ халаттылардың көмегімен құлаймыз. Сондықтан жауапкершілігі сан сынақтармен сыналатын сала иелері қандай да болсын құрметке лайық.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
28 сәуір 2020 ж. 817 0