Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АБЗАЛ ЖАНДАР

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АБЗАЛ ЖАНДАР

Мамандықтың бәрі жақсы. Десек те, солардың арасында қалың жұртшылық қадірлеп, құрмет тұтатын сыйлы мамандықтар да болады. Солардың бірі – дәрігер. Дәрігердің алдында болып, оның көмегін алмаған адам кемде-кем шығар. Басты байлық – денсаулықтан айырылып, қатты күйзелген пенденің бар сенері де, сүйенері де дәрігер болмақ. Осындай абыройлы міндетті жете түсінген ұжымның бірі – аудандық ауруханаға қарасты перзентхана бөлімінің ақ халаттылары.
Қиналған жанға қол ұшын беріп, жабыққан көңілін жұбату, сауығып кетсем-ау деген үміт отын лаулатып, сенім үдесінен шығу – оңай шаруа емес. Сондай міндет биігінен көрініп жүрген, ақ халатты абзал жан деген атқа лайықты, жұртшылықтың алғысы мен сый-құрметіне бөленіп жүрген бөлім меңгерушісі Ғалымжан Әшімов бастаған дәрігерлер күні-түні ана мен бала саулығы үшін аянбай қызмет етіп жүр. Осы жандардың еселі еңбегінің арқасында соңғы жылдары ауданда ана өлімі мен нәрестелердің шетінеу көрсеткіші де азайып келеді. Өткен жылы пайдалануға берілген жаңа перзентхана соңғы медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Мұндағы арнайы жабдық арқылы шала туған шақалаққа алғашқы көмек көрсетіліп, аман-сау анасының бауырына беріп жатыр.
Ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенде жаны қиналған сәтінде іздейтіні де, жүгінетіні де – дәрігер. Бас ауырып, балтыр сыздағандарға дер кезінде көмек беруден өзге, ақ халатты абзал жандардың біліктілігі, науқас адамға деген аялы қамқорлығы қашанда қажет. Аудан тұрғыны М.Ибаділда да дертіне шипа берген алдымен Алла болса, содан кейін осы перзентхана бөлімінің білікті дәрігерлері дейді. Тоғыз ай құрсағында көтерген перзентін дүниеге әкелуге асыққан ол, босанған соң белгісіз дерт дендеп, дел-сал болады.
– Қаңтар айының 29-ы күні перзентханаға түсіп, сәбиімді босандым. Адамның жаны қиналғанда дәрігердің бір ауыз жылы сөзінің өзі үлкен көмек қой. Тәжірибелі дәрігер жолықса екен деп тілеп жүргенмін. Шүкір, кезекші дәрігер Бақтыгүл Әлсерікованың біліктілігінің арқасы болар, еш қиналмастан перзентімді құшағыма алдым. Бірақ кенеттен белгісіз дерт пайда болып, қуанышым су сепкендей басылды. Бұрын мүлде мазаламаған аурудың дәл босанған сәтте қалай пайда болғанын білмеймін. Осы бір қиналған шағымда демеу беріп, қолдарынан келген көмекті аямаған аурухана бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Дәулетоваға, терапевт дәрігер Бақыт Ысмағұловаға және перзентхана аяжаны Гүлмира Сыздықоваға алғысым шексіз. Әсіресе, бөлім меңгерушісі Ғалымжан Әшімовқа ерекше рақметімді айтқым келеді. Ол облыс орталығынан арнайы білікті дәрігерлерді дер кезінде шақырып, жүйелі ем-дом жасағанының нәтижесінде құлан-таза айығып шықтым. Бас дәрігер Нұрлан Әмір бастаған ұжымды 19 маусым – медицина қызметкерлері күнімен құттықтап, аналық алғысымды білдіремін, – дейді М.Ибаділда.
Дәрігер деген – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салада еңбек етудің өзі ерлік. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса жүгінетін ақ халатты абзал жандар туралы қаншалықты толғақты ой тербетсең де артық етпейді. Медицина қызметкерлерінің мысқылдап кірген ауруды сылып тастау үшін қаншама тер төгіп, ұйқысыз түндер өткізетінін бірі білсе, бірі білмейді. Әрине, еңбекті адал бағалай білген кісілер үшін дәрігерлер тұғыры таймас биік тұлға.Сондай-ақ, өз міндетін тек адамның тәнін емдеу деп түсінбей, оның жанына, ішкі дүниесіне де назар аударып, ауру меңдеп, жабыққан пендені жылы сөзімен жұбатуға асығып тұратын дәрігерлер болады. «Адам жанының арашашысы» деген атқа лайық жандар да – солар.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
16 маусым 2020 ж. 1 134 0