Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызметі көпке елеулі

Қызметі көпке елеулі

Қоғамда сан түрлі мамандық бар. Солардың ішінде адам жанының арашасы болып, тәніңе шипа, жаныңа дауа болып, ұлт саулығын басты назарда ұстап, ұрпақтың амандығын ойлайтын ақ халатты абзал жандардың орны бөлек. Өйткені бұл жандар сырқаттың сырын анықтап, науқастың аяқтан нық тұруына жағдай жасайды. Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен ертеректе. Расында, әрбір пенде жанын қоярға жер таппай қиналғанда дәрігердің көмегіне жүгінетініміз жасырын емес.
Денсаулық адам үшін баға жетпес байлық. Иә, ауданда халық алғысын алып, ыстық ықыласына бөленген дәрігерлер қатары көп десек, солардың бірі – Ғазиза Мамышева. Ол 1991 жылы 27 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі кентінде дүниеге келген. Адам денсаулығының жанашыры болуды жастайынан армандап, дәрігерлік саланы жан-тәнімен таңдап талпыныс жасайды. Сонымен №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектепті бітірісімен 2008 жылы Астана медициналық университетінің «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығына оқуға түседі. Әрине, адам жанының бағбаны болу оңай емес. Дәрігер болу үшін жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, шексіз мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын емдей алатын психолог бола білу керек. Ең бастысы, мамандықты сүю керек. Осы асыл қасиеттер Ғазизаның бойынан табыла білді. Тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпау қажеттігін түсінген ол, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың мақтанышына айналу үшін, тынбай жан-жақты білімді игеріп, аталған саланың қыр-сырын меңгеріп, оқу орнын 2015 жылы ойдағыдай тәмамдайды. Міне, медицинаның ауыртпалығын білген талапты маман алғашқы еңбек жолын 2015 жылы Шиелі ауданы, Бестам дәрігерлік амбулаториясынан бастайды. Одан кейін 2016 жылы Сұлутөбе мен Тартоғай дәрігерлік амбулаториясында қызмет атқарған. 2017 жылдың ақпан айынан бастап, Шиелі аудандық «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясында 10 аймақ жалпы тәжірибелі дәрігері болып қызмет атқарады. Халықтың алғысы мен батасын алудан асқан бақыт жоқ екенін сезінген Ғазиза Төреханқызы алдына келген науқастарды айықпас дертінен емдеп, ауруынан айықтыруға айрықша үлес қосып жүр. Әлемді дүрсілкіндірген пандемия белең алған шақта ауданның бірқатар ақ халаттылары індетпен алысқаны мәлім. Бұның ішінде Ғазиза да отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Елімізде тек медицина саласына ғана емес, барлық салаға қолдау өте жоғары. Бұл емхана мамандарына тиімді жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Тек еңбектену маңызды. Жаның мұрныңның ұшына келіп қысылғаныңда, сол бір азаптан құтқаратын жан іздейсің. Сонда көмекке келетінде ақ халаттылар.
«Әрбір адамның өмірі өзіңнің қолыңда тұрғанын сезіне білсең, биіктен көрінесің. Мәселен, алдыңда науқастың жаны қалай қиналса, өзіміз де сол кісімен бірдей қиналамыз. Сырқаттан құлан таза айыққан сәтте көңіліміз бөлек. Алдымызға келген науқастар айығып, тәуір болса сол бізге бақыт» деген дәрігердің сөзінен жұмысына жауаптылық, қабілеттілік, өз ісіне сенімділік байқалады. Иә, денсаулығы сыр берген науқастарға шұғыл көмек көрсетіп, қажетті ем-дом көрсеткен Ғазизаға аудан халқы риза.
Бізде өз мамандығын мақтаныш санайтын дәрігердің тындырымды ісіне куә болып, еңбек жолына сәттілік тіледік.

Шапағат Тілеубаев
29 қаңтар 2021 ж. 436 0