Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашақтың бағбаны – балалар дәрігері

Болашақтың бағбаны – балалар дәрігері


Жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің, яғни, қоғамның басты байлығы адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері әрқашан елеулі. Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы деймiз. Сол балдырғандардың денсаулығына қатты мән береміз. Бүгінгі тақырып бала денсаулығының кепілі ақ халатты балалар дәрігері жайында болмақ...

Бала жаны жұмбақ әлем. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал, өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. Осы орайда, аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінде тек нәзік жанды, өз ісінің хас мамандары жұмыс жасайтынына куә болдық. 8 наурыз – халықаралық қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында нәзік жанды жаратылыс иелерінің елеулі еңбектерін ескерусіз қалдырмауды жөн санадық.
Сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу үшін байқампаз, қырағылық қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Ал, бала дәрiгерiнiң болмысы бөлек. Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ұлт денсаулығы басты жолға қойылған. Бұл ретте мемлекет тарапынан медицина саласына айрықша көңіл бөлінуде. Мақсат – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету. Осы орайда, өңірдегі балалар дәрігерлерінің беделі төмен деп айта алмаймыз. Балаларға көрсетілетін медицина­лық көмектің қолжетімділігі артты. Қазіргі таңда балалар бөлімінде 30-ға жуық қызметкер жұмыс жасайды. Солардың ішінде 1 дәрігер және 15 аяжан, 10 кіші медициналық қызметкерлер сапалы қызмет көрсетеді. Атап айтар болсақ, бөлімше меңгерушісі Сәуле Исмайлова, дәрігер Балжан Абдрашова, аға мейіргер Жұлдызай Байбұраева және Алтынкүл Арыс­танова, Нұржамал Меңлібаева, Сәулеш Исмайлова, Райхан Құдайбергенова сынды білікті мамандарды кезіктіруге болады. Жалпы, балалар бөлімі 30 төсек орынға арналған.«Кішкентайлардың өмірін арашалап қалуда мамандарымыз қолдан келгенді аямайтыны анық. Оған қызметкерлердің біліктілігі де, мекеменің техникалық базасының қуаты да жетеді» – дейді бөлімше меңгерушісі С.Исмайлова.
Қазақстанда балалар денсаулы­ғын сақтау ісі қашанда басты назарда тұратын маңызды істің бірі десек, жауапкершілігі үлкен, зор біліктілікті талап ететін балалар медицинасы елімізде жақсы дамыған. Соның нақты көрінісі 1991 жылдан бері балалар бөлімінде үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан С.Киікбайқызы. Оның 27 жыл ішінде ауырып келген баланың сырқатын таппай сандалған кезі болған емес. Керісінше, дерті жанына батқан баланы дем арада жұбатып, тез тіл табыса кетеді. Кішкентайлардың ине салдырудан қорқатыны белгілі. Сондықтан, бір сәт баламен бала болып, ойын ойнап көңілін аулай отырып, инені қалай салғанында аңғартпайды. Бұл әрине, тәжірибелі дәрігердің әдісі. Сондай-ақ, біліктілігі мен білімін де жұмыс барысында байқауға болады. Адам өмірін оның ішінде бала денсаулығын сақтауда аянбай еңбек еткен С.Исмайлова 2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
Иә, дәрігер мамандығы қашан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, жұмысың балғын балақайлармен байланысты болса, тіпті, оңай болмасы анық. Кішкентайлардың ауырған жерін анықтау, дертіне шипа табу аса ұқыптылықты қажет етеді емес пе, – деген сұрағымызға кейіпкеріміз: «Балаларға ана ретінде барынша сүйіспеншілікпен қарауға тырысамын. Сәбилер – өте пәк, жұмбақ болады. Олардың тілін табу, бабын жасау әрине, қиынның-қиыны. Әйтсе де, қиналғанын жүрегіңмен сезу, аурудың алдын алуға кеңес беру біздің басты міндетіміз» – деп жауап қатты. Олай болса, міндетіне адал жан Сәуле Исмайлова бастаған балалар бөлімінің, жалпы барша нәзік жанды ақ халатты дәрігерлерді мерейлі мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс тілейміз.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
Фото Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.

08 наурыз 2018 ж. 2 463 0