Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуырмаш пен санамақтың маңызы

Қуырмаш пен санамақтың маңызы

Мына дүниеде ата-анасының сағына күткен сәбиі дені сау болып, көз қуанышына айналғаны дүниенің асылы екендігінде дау жоқ. Ал, сол көп күткен шаттықтың орнын шымбайға батар дерт алмастырса ше? Қатарынан кем болмасын деп шырылдаған ата-ананың мұңын мұндайда кім бөліседі. Иә, мұндайда көмек қолын созатын мамандар бар.
Сол мамандардың ішіндегі бірегейі логопедтер. Олар сөйлеу тілінде ақауы бар балалармен ерекше жұмыс жасап, жұмысының жемісін ата-анадан артық күтетін жандар. Расында көп жағдайда сөйлеу кемшілігі бар балаларға «еркелігі шығар» деп атүсті қарайтынымыз жасырын емес. Біршама уақытты өткізіп аламыз да, «Баламыз дұрыс сөйлемейді, сөзіне түсіне алмаймыз» деген ана шағымын жиі естиміз.
Жалпы логопед мамандардың айтуынша, бала бір жастан асқан уақыттан бастап «әке», «ана» деген сөздерді айтуы тиіс. Жалпы, дені сау баланың ақыл-ойы айқын, өз-өзіне сенімді, жан-жағына қуанышпен шаттана қарайтындай болуы керектігі алдымыздан жиі ұшырасып жатады. Мамандардың айтуынша, егер ата-ана баласының тілінде мүкістік барын байқаса, алдымен невропатолог дәрігерге қаралып, кейін логопедтің көмегіне жүгінуі керек. Жалпы ауданымызда осы санатта 0-18 жас аралығында 362 бала болса, 3-7 жас аралығында 171 бала тіркеліп, психологиялық-медициналық педогогикалық кеңес орталығынан кеңес алған екен.
Осы жайттарды ескеріп, сала маманымен тілдескенді жөн көріп, аудандағы ерекше балалармен жұмыс жасайтын №3 «Мейірім» оңалту орталығының дефектолог-логопеды Жазира Ертаеваға жолыққан болатынбыз.
Аталған орталыққа бас сұққанымызда расында ерекше орын екені байқалып-ақ тұрды. Атына лайық бар балаларға мейірімін төгетін білікті басшы мен білімді мамандар өз жұмыстарына бірсыпыра шолу жасап өтті. Бірақ, ешқайсының тарапынан өз жұмысына деген шағым естімедік. Керісінше, әр балаға жанын сала жұмыс жасайтын қызметкерлерді көріп, осынау жандарға деген құрметім арта түсті. Бұл жерден сабырын сарықпай, үмітін үкілеп, жүрек түкпірінде сенімнің сәулесін жалғаған аналармен жолықтық.
Әңгімемізге ойыссақ, кез келген мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Сондықтан, өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Оған қоса, сол мамандыққа, кәсіпке деген адамның ерен ықыласы, сүйіспеншілігі болу керек. Екінің біріне өз ісінің маманы болудың бұйырмайтыны осындай қасиеттердің жетпей жататындығынан шығар әсте. Өз ісінің маманы да, көпшіліктің адамы да бола білген абзал жандардың бірі ретінде дефектолог-логопед Жазира Әбдімәжитқызын атауға болады.
Жазира бала күнінен ұстаз болып, бала жанының бағбаны болуды армандады. Ет жақындары да перзентінің тілегіне қарсы болмай, ақ батасын беріп, шығарып салды. Арманның арғымағын тізгіндеген жас қыз жолы болып, Тараздағы педагогикалық инстииутының студенті атанды. «Діттеген мақсатыма жетем, сәби санасына білім нұрын сіңірем» деген кейіпкеріміз ойлаған мақсатына жетті де. Сөйтіп, дефектолог-логопед мамандығын алып шықты. Өз ісіне жіті жауапкершілікпен қарайтын осынау жандардың басқа маман иелерімен салыстыруға келмейтін өзіндік ерекшеліктері де бар.
– Кішкентай балалармен жұмыс жасаудың өзі қызық та, күрделі. Әр бала өзіндік жеке тұлға. Олардың өздеріне ғана тән мінез ерекшеліктері болады. Жұмысымның күрделілігі сол, осы жерге алғаш келген кей балалар мүлдем сөйлмейді. Сосын ол балаға диагностикадан өткізіп, артикуляциялық аппаратының құрылысын, қимыл-қозғалысын тексереміз, – дейді Жазира.
«Мейірімде» сөйлеу тілінде кемшілігі бар 50 баламен екі маман жұмыс жасайды екен. Жазираның сөзіне сүйенсек, сөйлеу тілі бұзылыстары бірнеше диагноздарға бөлінетін көрінеді. Сол диагноздарға сәйкес түзете дамыту жұмыстарының бағыттары да өзгеріп отырады. Мәселен, дислалия диагнозды балалармен жүргізілетін жұмыс дыбыстарды түзету, дұрыс айтуға машықтандыру, бекіту және байланыстырып сөйлеуін дамыту. Ал, тұтықпасы бар балалардың сөйлеу аппаратының бұлшықеттерінің қозғалысын қалпына келтіріп, сөйлеу кезінде просодикалық қырларын, яғни ырғақтылы мен әуезділігін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Он жылға жуық балалардың сөйлеу қабілетімен жұмыс жасайтын Жазира Ертаева өз кезегінде аналарға да кеңесін айтып өтті.
– Бұндай балалардағы тіл мүкістігі жүйке жүйесімен тікелей байланысты. Егер жүйелі ем қолданбаса, бала мүлде сөйлей алмауы мүмкін. Алдымен дәрі-дәрмек арқылы ем қолданылып, содан кейін ғана логопед жұмыс істейді. Жалпы тіл мүкістігі туабітті, экологиялық жағдай, созылмалы аурулар секілді түрлі себептерден пайда болады. Оның ішінде туабітті тіл кемістігі көп. Аналар жүкті кезінде қаназдық, ауа жетіспеушілігі секілді ауруларға шалдығады. Бірақ көпшілігі қалыпты жағдай санап, жүре береді. Ал іштегі балаға бұның барлығы әсер етеді. Баланың миына ауа жетіспейді, жүйке жүйесі дұрыс қалыптаспайды. Бұның зияны бала өмірге келгеннен кейін білінеді. Егер бала сал ауруына шалдығып туса, тіл кемістігін жою ұзақ емді қажет етеді. Қазір орталыққа түрлі дианоздағы ауруға шалдыққан балалар келеді. Олардың барлығымен жеке-жеке жұмыс жасалады, — дейді логопед маман.
Баламен дұрыс сөйлесу керек деп дәрігерлер қанша айтқанмен, аса мән бере бермейміз. Үш жастан бастап баланың сөйлеу тілі дамитындықтан, екі жасқа дейін оның сөйлем қорында 20-25 сөз болады екен. Әрбір қимыл-қозғалысына мән беріп, оны айтып, балаға назар аудару маңызды дүние екен. Себебі, бүгінде балалардың көпшілігі теледидар мен компьютерге тәуелді. Балалар қарапайым санамақтар мен қуырмаштарды білмейді. Саусақ жаттығулары, қуырмаш, шағын ертегілер оқып беру, қысқаша мазмұнын сұрау тілін дамытудың алғы шарттарының бірі болып табылады. Бірақ нәресте өмірінде оның ықпалының зор екендігін нейропсихологтар дәлелдеп отыр. Бүгінгі күні фольклорды теледидар жарнамалары ауыстыруда. Жұмыстан шаршап келген кезде қайсымыз болсақ та баламен сөйлесудің орнына теледидар қосып беріп, болмаса планшет беріп қойып тыныш отырғанды тәуір көреміз. Ал маманның айтуынша, баламен сөйлесудің орны бөлек. Сондай-ақ, баланы шектен тыс еркелету де сөйлеу тілінің қалыптасуына зиян екендігін білгенде таңданғанымыз рас. Ал, үйде адамдардың екі тілде сөйлеуі де бала тілінің дамуына кері әсерін тигізетіндігін осы тұста айтпасқа болмас. Мұндай отбасылар бар. Баланы жетік болсын деп орыс балабақшасына беретін жанұялар осы жайтты ескерсе екен. Кейде өзіміз-ақ баланың былдырлаған сөзін қызық көріп, былдырлап бала тілімен сөйлейміз. Бұл – қортындысында көп уақытқа дейін баланың сөйлеу тіліндегі дыбыстардың дұрыс айтылуының дамуы кешігуіне соқтырады дейді мамандар.
Не десек те, тіл кемістігінің қай түрі, оны қалай түзетуге болатынын тек логопед маман айта алады. Балаңыздың сөйлеуінде ерекшелік байқасаңыз тек мамандардан ертерек кеңес алған абзал. Осы бағытта бүгінде біршама, атап айтар болсақ, «Айналайын», «Жадыра» бала бақшаларында, №127, 50 мектептерде логопед мамандар жұмыс жасайды. ПМПК мекемесінде де түзету кабинеті жұмыс жасақталғындығын аудан тұрғындарына жеткізгіміз келеді.
Бала болашағына селсоқтық таныту – ұлт тамырына балта шабумен пара-пар. Біз түйген ой–баланың санасына санамақты сіңірсек, ертегіні елеп, қуырмашты қолай көрсек, ұлттық құндылықтарымыздың сүбесі сөгілмей сақталар еді. Сонымен қатар, ұрпақ тілінің саулығы да қамтылар еді.
Дина ЖҮСІПОВА
07 қаңтар 2018 ж. 1 888 0