Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрек қалаған мамандық

Жүрек қалаған мамандық

Адамның басына қиындық түскен сәтте жанынан табылу – үлкен жауапкершілік. Мейірбике үшін бұл жай ғана мамандық емес, мейірім мен сабырды, мұқияттылық пен адамға деген шынайы қамқорлықты талап ететін жүрек қалауы. Осындай қасиеттерді бойына жинаған жанның бірі – Мәрия Ахметова.
Кейіпкеріміз Бидайкөл ауылында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласты. Мектепті бітіргеннен кейін туған ауылындағы «Гигант» колхозының қырманында еңбек жолын бастады. Кейін Шиелі өндірістік комбинатында тігінші болып жұмыс істеді. Дәл осы кезең оның еңбек жолындағы алғашқы мектебі болды. Осында ол жауапкершіліктің, төзімнің және өз ісіне адал болудың қадірін түсінді.
Оның жүрегіне жақын, шын мәніндегі мамандығы медицина болды. Қызылорда медициналық училищесін ойдағыдай тәмамдағаннан кейін ол еңбек жолын аурухананың хирургия бөлімінде кезекші мейірбике болып ­бастады.
Хирургия — медицинадағы аса жауапты салалардың бірі. Мұнда адам өмірі медицина қызметкерінің кәсіби біліміне, мұқияттылығына және шұғыл шешім қабылдай білуіне байланысты болады. Мәрия алғашқы еңбек күндерінен-ақ еңбекқор, білікті әрі науқасқа жанашыр маман екенін көрсете білді.
Уақыт өте келе жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби білімі оны хирургия бөлімінің аға мейірбикесі, кейін реанимация бөлімінің аға мейірбикесі қызметіне алып келді. Оның еңбек жолында талай ауыр кезекшілік, күрделі жағдайлар мен шұғыл шешім қабылдауды талап еткен сәттер болды. Мұндай кезде жинақылық, сабырлылық пен жедел әрекет ету аса қажет еді. Дегенмен ең қиын сәттердің өзінде Мәрия Ахметова жүрегіндегі мейірімін жоғалтқан емес. Әріптестері үшін ол — сенімді тірек болса, науқастар үшін жылы сөзімен демеу беріп, үміт сыйлайтын, «бәрі де жақсы болады» деген сенім ұялата білетін жан.
М.Ахметова кәсіби маман болып қалыптасуына ықпал еткен жандарды да ерекше ризашылықпен еске алады. Солардың қатарында дәрігер Жәкен Махамбетәлиев, сондай-ақ мейірбикелер Несібелі Сүйіндікова, Құндызай Байбураева, Нағима Ташенова және Шарбан Рысбекова бар. Олардың тәжірибесі, ақыл-кеңесі мен адамгершілік қасиеттері кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Бүгінде жоғары санатты тәжірибелі мейірбике денсаулық сақтау саласындағы еңбегін жалғастырып келеді. Ол Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты Шиелі көпбейінді орталық аудандық ауруханасының «Көкшоқы» алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығында дәрігер-дерматологтың мейірбикесі болып қызмет атқарады. Жылдар бойғы еңбегі оған мол тәжірибе жинақтап, әріптестері арасында зор құрметке ие болуына мүмкіндік берді. Алайда оның еңбегіне берілетін ең қымбат баға — пациенттердің алғысы, ақжарма тілектері мен шынайы ризашылығы.
М.Ахметова үшін медицина — ең алдымен адамға қызмет ету. Өйткені науқасқа кейде дәрі-дәрмек пен медициналық көмектен бөлек, қарапайым адамдық жылылық, жылы сөз және жанында өзінің жағдайына бейжай қарамайтын жанның бар екенін сезіну де қажет. Оның көп жылғы еңбегі — мамандыққа адалдықтың, жауапкершілік пен шынайы мейірімділіктің жарқын үлгісі. Осындай білікті мамандар — ел денсаулығын сақтауға үлес қосып жүрген сала мамандарының алтын қоры. Олар күн сайын көзге көрінбей үлкен іс атқарып, адамдардың денсаулығын қалпына келтіруге, қалыпты өмірге қайта оралуына көмектесіп келеді.

М.Кеңесұлы
сурет автордікі
28 қыркүйек 2026 ж. 24 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930