Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық саласындағы 36 жыл

Денсаулық саласындағы 36 жыл

«Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген қазақ денсаулықтың қадірін әу баста-ақ жақсы білген. Алда-жалда басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған кезде ақ халатты абзал жандарға қарай жүгіретініміз сөзсіз. Олардың еңбегі де орасан зор. Соның ішінде мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игі қызмет жасап жүрген медбике ісі қашанда сый-құрметке лайық. Осындай абзал жанның бірі – Алия Хабибуллақызы.
Оның өмір жолы – медицина саласындағы 36 жылдық тынымсыз еңбектің, адалдық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі. 1969 жылы Қызылорда облысы, Шиелі топырағында дүниеге келген ол жастайынан мейірім мен адамға жанашыр болу қасиетін бойына сіңіріп өсті.
Арман жетегімен 1987-1989 жылдары Жезқазған медицина училищесінде білім алып, оны үздік тәмамдауы – болашақ мамандыққа деген шынайы сүйіспеншілігінің дәлелі еді. 1989 жылы еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде кезекші мейіргер болып бастап, жас маман ретінде үлкен өмір мектебінен өтті.
Уақыт өте келе, 1990 жылдың 11 қаңтарынан бастап ота мейіргері қызметіне ауысып, жауапкершілігі зор, әр сәті мұқияттылықты талап ететін операциялық бөлімнің сенімді тірегіне айналды. Сол күннен бері ол бір ғана мақсатқа адал – адам өмірін сақтап қалу.
– Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби: «Өз ісіңнің білгірі, һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу керек» деп айтқандай, өмір жолымда осы ұстанымды тірек етіп келемін, – дейді кейіпкеріміз.
36 жылдық еңбек жолында ол талай күрделі сәттің куәсі болды, талай жанға үміт сыйлады. Оның сабырлылығы, кәсіби шеберлігі және адамға деген шексіз мейірімі оны тек білікті маман ғана емес, жүрегі кең жан ретінде де танытты. Уақыт сынынан өткен тәжірибесі, сабырлылығы мен кәсіби шеберлігі оны әріптестері арасында зор беделге, ал науқастар арасында шексіз алғыс пен сенімге бөледі.
Бүгінде Алия Нұралиева – өз ісіне берілгендіктің, төзімділік пен адал еңбектің символы. Оның өмірі – денсаулық сақтау саласының дамуына қосылған өлшеусіз үлес, ал еңбегі – адам өміріне деген құрметтің биік үлгісі.

Г.Дүйсебай
14 мамыр 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031