Алғыс алған ақ халатты

Кейіпкеріміз Айжан алдына келген бүлдіршіннің құлан таза айығып кеткенін көргеннен артық қуаныш бар деп ойламайды.
– Негізінен балалар арасында ең көп таралатын ауруларды жаз және қыс маусымы деп екіге бөліп қарастырамыз. Осы екі маусымда екі түрлі аурулар көбейеді. Қыс мезгілінде бізде тыныс жолдары, бронх-өкпе жолдарының ауруы көп кездеседі. Бұл аурулар түшкіру мен жөтелуден басталады. Оның арты қаралмағандықтан дене қызуы көтеріліп, соңы өкпе қабынуына айналып кетеді. Бұл қысқы уақытта ең қорқатын ауру. Ал жаз маусымында жедел ішек инфекциясы басталады. Балаларды білесіз ғой, аузына әр нәрсені салады. Дүниені енді танып келе жатқан бала жазғы уақытта көбейіп кететін жеміс-жидектерден бастап, тас, құмырсқаға дейін аузына салып көріп жатады. Соның бәрі ішек инфекциясына әкеліп соғады. Мұның алдын алу үшін ата-аналарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ем-дом жасаймыз. Көп жағдайда жас аналарға баланы қалай жуындырудан бастап, күтім жасауды, тамақтандыруды, бөлмені желдету қажетін де үйретуге тура келеді. Олардың тәжірибесі болмағандықтан балалары жиі ауырып жатады. Кішкентай бөбектеріміздің дені сау болса, ата-ана мен біз үшін мұның өзі үлкен бақыт дер едім, – дейді балар бөлімінің бас мейіргері Айжан.
Мерейі артқан мейірбикенің еңбегі еленіп, әр жылдары арнайы марапаттарға ие болған. Атап айтар болсақ, медицина саласындағы ұзақ жылдық сапалы еңбегі үшін 2004 жылы «Үздік мейіргер» номинациясымен марапатталған. Ол – кәсіби маманнан бөлек, отбасында адал жар, жанашыр ана бүгінде 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Мемлекеттің басты байлығы – адам денсаулығы. Сәби десе құрақ ұшып, бар жүрегімен емдейтін бала мінезді Айжан Бақытханқызы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса дейміз. Себебі, әрбір анаға баланың саулығынан асқан бақыт жоқ.
Ш.Тілеубаев