Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімді мейірбике

Мейірімді мейірбике

Әрқашанда денсаулық – баға жетпес байлық. Адам баласы басы ауырып, балтыры сыздағанда, дертіне дауа іздегенде медицина қызметкерлеріне жүгінеді. Дертке дауа, емге шипа беретін осы ақ халатты абзал жандар. Олардың көмегімен дертімізден айығып, ертеңімізге үмітпен қараймыз. Алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзімен көңіліңді көтеретін Элмира Рүстемованы бәйгеқұмдықтар мақтанышпен айтады.
Кейіпкеріміз 1972 жылы Шиелі ауданында дүние жарығына келген. Әр бала кішкентай кезінен қиялшыл келеді. ­Элмира да бала күнінен мейірбике болуды армандаған жанның бірі. Ол сол арманына жету үшін орта мектепті бітіріп, 1991 жылы Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1993 жылы ойдғыдай бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын дәл осы 1993 жылы Шиелі аудандық орталық ауруханасының әйелдерді емдеу бөлімінде акушер қызметінен бастап, 1996-1997 жылдар аралығында әйелдер босанатын бөлімшеде жұмыс істейді.
Одан соң, тағдыр қосқан қосағы Қыдырғали Ешматовтың шаңырағына 1997 жылы Бәйгеқұм ауылына келін болып түседі. 2007 жылдан бастап №155 орта мектебінде мейірбике болып қызмет атқарған. Бүгінгі таңда «Бәйгеқұм» дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжрибелі мейірбике болып жұмыс істеуде. Үздіксіз, аянбай қызмет еткен мейірбикенің әрбір ісіне халық дән риза. Кіршіксіз көңілімен балтыры сыздап, басы ауырған адамдарға көмектесуге алып-ұшып тұратын елгезек мінезі де емделушіге жұғымды. Бүгінде үлкен бір шаңырақтың ақ жаулықты анасы атанып, 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр. Елімізде осындай мейірімді абзал жандардың адал еңбек етіп жүргені келешек ұрпаққа үлгі боларлық ұлы іс.
– Бала күнімнен ақ халат киген мейірбекелерге қатты қызықтым. Тіпті осы кісілердей болуды армандадым. Халыққа көмек көрсетіп, науқастың дертіне шипа тауып берсем деген ой болды. Бүгінде арманым орындалып, халыққа пайдам тиіп жүргеніне қуанамын. Бастысы халқымыз аман, еліміз тыныш болсын, – дейді ­Элмира Рүстемова.
Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Расында жанды шүберекке түйіп, жүрек соғысы баяулап, тыныс тарылғанда аурудан айықсаң бақыт деген сол емес пе? Ал сол бақытқа біз дәрігерлер арқылы қол жеткіземіз. Өмірге Алланың қалауымен келсек, кіндігіміз дәрігердің қолымен кесіліп, анамыздың құшағына сол ақ халаттылардың көмегімен құлаймыз. Сондықтан жауапкершілігі сан сынақтармен сыналатын сала иелері қандай да болсын құрметке лайық.

Ш.Тілеубаев
01 ақпан 2022 ж. 438 0