Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Антына адал ақ халатты

Антына адал ақ халатты

Неміс ойшылы ­Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға ­байланысты» дейді. Иә, денсаулық адам үшін баға жетпес байлық емес пе? Бірақ бас ауырып, балтыр сыздаса ақ халатты абзал жандардың алдынан бірақ шығатынымыз жасырын емес. Жаның мұрынның ұшына келгенде олардың көмегіне жүгініп, дерттен құлан таза айығудың амалын іздейтініміз де рас.
Айгерім бала күннен ақ халат киіп, дертіне шипа іздеген жанның жанына жалау болып жүретін мейірбикелер жұмысына қатты қызығатын. Оны отбасы түгел қолдап, зор сенім білдірді. Бүгінгі кейіпкеріміз сол 13 жылдан бері мейірімді мейірбикелер қатарынан көрініп келе жатқан Айгерім Ақылбекова. Ол Қызылорда медициналық колледжін «мейірбике ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Айгерім алғашқы еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханада мейірбике қызметінен бастайды. Жастайынан білімі мен білігін көрсетіп, елдің алғысын арқалаған дәрігер халықпен тығыз байланыс­та. Науқастардың сырқаты сыр бергенде қызмет көрсетіп, өзіне жүктелген жауапкершілікті үлкен сеніммен атқарады. Иә, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың мақтанышына айналып, емделушілердің сенім үдесінен шығу оңай емес, ол науқастардың жарасын таңып, қажетті ем-дом көрсетуді парыз санайды.
«Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» дейді ұлы ойшылдар. Өз мамандағын мақтаныш санайтын жанның қашанда жүзінен шуақ, жүрегінен мейірім төгіліп жүреді. Осындай үдеден табылатын Айгерімге емделушілер үлкен сеніммен қарайды. Бір көргеннен-ақ оның болмысынан жылылық, қарапайымдылық, кішіпейілділік тәрізді қасиеттерді көріп, тәнті боласың. Ол туралы емделушілердің жүрек жарды лебіздері де аз емес.
Бізде аурухананың ем алушылыларынан Айгерімді сұрастыруды жөн санадық. Сұрағымызға қарай «Қызметіне адал, жүрісі ширақ, ісіміз түскен біздерді жылы шыраймен қабылдайды. Үнемі жұмысына бар ынтасын салып, тиянақты орындап, өтінішімізге мұқият қарайды. Біздерге уақытында қажетті екпелерді егіп, дәрілерімізді беріп жағдайымызды үнемі бақылап отырады. Сол үшін де Айгерімге айтар алғысымыз шексіз» деген жауабын да алдық. Жанына шипа іздеген адамдардың ризашылығына бөлену, сол арқылы еңбек етіп жүрген ұжымның құрметтісі атану жолында қайтпас қажырлық пен күш-қайрат керек. Осыған адалдық, мейірімділік, жауапкершілік, қарапайымдылық, сияқты қасиеттер қосылып жатса, адамның ажары ашыла түспек. Көптің алғысын арқалап жүрген Айгерім дәл осындай жан. Аурухананың аяжаны болса, өз үйінде аяулы жар бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Антына адалдық танытқан қызметкер көптің алғысына бөленіп келеді.

Шапағат Тілеубаев
02 ақпан 2021 ж. 353 0