Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімді мейірбеке

Мейірімді мейірбеке


Бүгінде кез-келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұрып, сауығып кетуін басты назарда ұстайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. Себебі, бұл мамандық иелерінің еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз беріліп, адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Гүлістан Келімбетова.
Ол, 1961 жылы 12 желтоқсанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген абзал жан өз ісінің білікті маманы. Ол 1967-1977 жылдар аралығында Қызылорда қаласының №216 Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебінде білім алған. 1977 жылы Қызылорда медициналық училищесінің мейіргер ісі факультетіне түсіп, аталған оқу орнын 1981 жылы мейіргер мамандығымен бітіріп шыққан.
Алғашқы еңбек жолын 1983 жылдың қыркүйек айында Қазалы аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің мейіргер қызметінен бастап, 1984 жылы қыркүйек айында Шиелі аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде мейіргер қызметін жалғастырады. 1994 жылдан бастап Шиелі аудандық емханасында дәрігерлік сараптау комиссиясы кабинетінде 20 жыл мейіргер қызметін атқарып, 2015 жылы осы емхананың функционалды диагностикалық кабинет мейіргері қызметіне тағайындалды.
Ол өзінің білікті, тыңғылықты, ­жауап­ты іскер маман екенін көрсетіп келеді. Ісіне деген адалдығымен, жауапкершілігімен және еңбек­қорлығымен үлкен беделге ие қызметкерлердің бірі. Үздіксіз, аянбай қызмет еткен мейірбикенің әрбір ісіне халық дән риза. Кіршіксіз көңілімен балтыры сыздап, басы ауырған адамдарға көмектесуге алып-ұшып тұратын елгезек мінезі де емделушіге жұғымды.
Қызмет барысында үлкен жетістіктерге жетіп, 2001 жылы Шиелі аудандық денсаулық сақтау басқармасы мен аудандық кәсіподақ комитетінің президумының «Құрмет грамотасымен», 2015 жылы Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасымен Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Қызылорда облыстық филиалының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, науқастың тілін тауып, адал қызмет еткен Гүлістан Аханжанқызын ұжымдастары зор құрметпен еңбек демалысына шығарып салды.
Бүгінде бүтіндей бір отбасының ақ жаулықты анасы атанып, 1 ұл, 3 қыз, 17 немере тәрбиелеп отыр. Елімізде адал еңбек етіп жүрген ақ халатты мейіргердің ісі кейінгі жас мамандарға үлгі деп білеміз.

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
18 маусым 2021 ж. 492 0