КӨЗ САУЛЫҒЫ – МАМАН ЖАУАПКЕРШІЛІГІНДЕ
Адам өміріндегі ең қымбат құндылықтың бірі – көру қабілеті. Ал сол аманатқа адал қызмет ететін ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Солардың бірі – тәжірибелі офтальмолог маман Ботажан Тәжібаева.Ботажан Еркінқызы 1991 жылдың 29 мамырында Қырғызстан Республикасының Шу облысында дүниеге келген. Білімге деген құштарлығы мен медицинаға деген қызығушылығы оны үлкен жолға бастады. 2009 жылы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, 2014 жылы «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шықты. Жас маман білімін жетілдіру мақсатында 2014 жылы интернатураға түсіп, «Жалпы практика дәрігері» біліктілігін иеленді. Бұдан кейін де кәсіби дамуын тоқтатпай, 2016 жылы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына резидентураға қабылданып, 3 жыл бойы терең білім мен тәжірибе жинақтады. 2019 жылы резидентураны аяқтаған соң, Шиелі ауданында офтальмолог ретінде еңбек жолын бастады. Қазіргі таңда аудандық көпсалалы емханада қызмет атқарып, тұрғындардың көз саулығын қорғауға зор үлес қосып келеді.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын дәрігер жұмыс барысында кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отырады. Әсіресе шала туған нәрестелердің ретинопатиясы мен көз аурулары бағытында білімін жетілдіріп, жылына бірнеше рет ғылыми конференцияларға қатысады. Бұл – оның мамандығына деген шынайы адалдығының айқын көрінісі.
Еңбегі еленіп, әріптестері мен қоғам тарапынан жоғары бағаланған маман «Аманат» партиясының алғыс хатына ие болды. Жалпы еңбек өтілі 10 жылды құрайтын тәжірибелі офтальмологтың басты мақсаты – әрбір науқастың көру қабілетін сақтап, өмір сапасын жақсарту. Оның білімі мен біліктілігі, адамгершілігі мен мейірімі – көптеген жандарға үміт сыйлап келеді.
Көз – жанардың айнасы десек, сол айнаға күтім жасап жүрген дәрігер Ботажан Тәжібаеваға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Нұржамал Дәулетова,
ардагер ұстаз








