Ғылымға құштар ғалым
Ел болашағы – білім мен ғылымда десек, сол жолда аянбай еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың әрқайсысы құрметке лайық. Олардың бірі – техника ғылымдарының кандидаты, химия саласының білгірі Әбдірақым Мұратұлы. Оның ғылымдағы табандылығы мен өндірістегі тәжірибесі – жас буынға үлгі боларлық тағылымды жол.Әбдірақымның ғылымға деген құштарлығы мектеп қабырғасынан бастау алады. Жаратылыстану пәндеріне, әсіресе химияға ерекше ынта танытқан талапты жас 2012 жылы Ақмая ауылындағы №49 мектепті аяқтап, болашағын ғылыммен байланыстыруға бел буды. Сол жылы ол Ақтөбе өңірлік университетіне түсіп, «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша білім алды.
Студенттік жылдары ол тек дәріс тыңдап қана қоймай, зертханалық жұмыстарға, ғылыми үйірмелерге белсенді араласты. Теория мен тәжірибені ұштастыра білген ізденуші 2016 жылы бакалавр дәрежесін алып шықты. Бұл – ғылыми жолдың бастауы ғана еді.
Білімін тереңдетуді мақсат еткен Әбдірақым Нақып 2017 жылы Ресей Федерациясының Қазан қаласындағы беделді оқу орны – Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетіне магистратураға оқуға түседі. 2019 жылы «Химиялық технология» бағыты бойынша магистр дәрежесін иеленіп, шетелдік ғылыми ортада тәжірибе жинақтайды.
Қазан қаласындағы уақыт оның ғылыми көкжиегін кеңейтіп, әлемдік технологияның жетістіктерімен терең танысуына мүмкіндік берген маңызды белес болды.
Магистратурадан кейін Ә.Мұратұлы теориялық білімін өндірісте сынап көруге бел буды. 2019-2023 жылдары Қазан қаласындағы «КВАРТ» акционерлік қоғамында ауысым бастығы қызметін атқарды. Ірі кәсіпорында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік мектебі. Ол өндірістік процестерді басқару, өнім сапасын бақылау, технологиялық тізбекті жетілдіру бағытында мол тәжірибе жинақтады.
Өндірістегі қызметімен қатар ғылыми ізденісін де тоқтатпады. 2020 жылы өзі білім алған университеттің аспирантурасына түсіп, резеңке материалдары саласындағы өзекті мәселелерді зерттеуге кірісті.
Табандылық пен жүйелі еңбектің нәтижесінде 2025 жылдың 4 маусымында Әбдірақым Нақып «Лигноцеллюлоза және оның карбоксиметилирленген туындыларымен толтырылған суда ісінетін резеңкелер» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.
Бұл еңбек – резеңке материалдарының жаңа қасиеттерін зерттеуге, олардың қолдану аясын кеңейтуге бағытталған маңызды ғылыми жұмыс. Ғалымның зерттеуі өндірістік салада да, ғылыми ортада да өзектілігімен ерекшеленеді.
Бүгінде Әбдірақым Мұратұлы – 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Оның ішінде 14 мақала Scopus және Web of Science деректер қорына енетін Q1–Q2 квартильді халықаралық беделді журналдарда жарық көрген. Осылайша жас ғалымның еңбегі әлемдік ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғанды. Ғылымда мұндай көрсеткішке жету – үлкен ізденіс пен жүйелі еңбектің нәтижесі екені сөзсіз.
Ол 2023-2024 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Кейін қайтадан Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің «Синтетикалық каучук технологиясы» кафедрасына ассистент болып қабылданып, аға оқытушы лауазымына дейін көтерілді.
Биыл жыл басында өзі түлеп ұшқан Ақтөбе өңірлік университетінде «Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы» пәні бойынша дәріс оқыды.
Ғылым – ұзақ жол. Ол жолда табысқа жету үшін төзім, терең білім және тынымсыз еңбек қажет. Әбдірақымның бойында осы қасиеттер түгел тоғысса керек. Елімізде осындай білімді, бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде ойлайтын жас ғалымдардың көбеюі – Қазақстан ғылымының жарқын болашағына сенім ұялатады. Ал жерлестеріміздің арасынан ғалым шығуы аудан үшін абырой, зор мақтаныш.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ







