Ісіне адал мейіргер
Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал сол өмірге араша түсіп, науқастың дертіне дауа болатын ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Дәрігермен бірге адам саулығы жолында аянбай еңбек ететін мейіргерлердің жауапкершілігі де ерекше. Олар науқасқа медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, жылы сөзімен жігер беріп, мейірімімен үміт сыйлайды.Осындай өз ісіне адал, кәсібіне берілген жандардың бірі – Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының хирургия бөлімінің операциялық мейіргері Ақзия Қадырбекова.
Ақзия мектеп қабырғасынан-ақ медицина саласына қызығушылық танытып, арман қуып Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжіне оқуға түсті. 2009 жылы «Емдеу ісі» мамандығын тәмамдаған жас маман еңбек жолын туған ауданындағы ауруханада бастады.
2010 жылдан бері хирургия бөлімінде қызмет етіп келе жатқан ол алғашқыда кезекші мейіргер болса, еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында кейін операциялық мейіргер қызметіне көтерілді. Бүгінде ол күрделі оталар кезінде дәрігерлермен иық тірестіре жұмыс істеп, әр операцияның сәтті өтуіне өз үлесін қосып келеді.
– Операциялық бөлмеде әрбір сәт маңызды. Мұнда ұқыптылық, тәртіп пен шапшаңдық бірінші орында тұрады. Команданың үйлесімді жұмысы науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан әр ісімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз, – дейді Ақзия Қадырбекова.
Әріптестері оның сабырлылығын, ұқыптылығын, кәсіби біліктілігін және кез келген жағдайда жылдам шешім қабылдай білетін қасиетін ерекше бағалайды. Ол еңбек жолында үздіксіз ізденіп, білімін жетілдіруді өмірлік қағидасына айналдырған.
Ақзия Қадырбекованың еңбегі бірнеше мәрте жоғары бағаланды. 2023 жылы аудандық «Үздік стационарлық мейіргер» байқауында ІІ орынды иеленді. 2025 жылы Астана қаласында өткен операциялық іс мамандарының V Ұлттық симпозиумына қатысып, саладағы жаңа технологиялармен танысып, тәжірибе алмасты. Ал биыл облыстық кәсіби шеберлік байқауында «Үздік стационарлық мейіргер» аталымымен марапатталды.
Қандай жауапты қызмет атқарса да, Ақзия отбасының ұйытқысы болуды да ұмытқан емес. Ол ұл мен қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана, отбасының берекесін келтірген ардақты жар.
«Мейіргер» мамандығы – үлкен жүрек пен сарқылмас сабырды қажет ететін қасиетті қызмет. Ақзия Қадырбекова осы қасиеттерді бойына сіңіріп, адам денсаулығын сақтауға бар күш-жігерін арнап келеді. Оның кәсібіне деген адалдығы мен жанашырлығы жас мамандарға үлгі, ал көпшілік үшін ақ халатты абзал жанның шынайы бейнесі болып қала бермек.
М.Кеңесұлы







