Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз саласының майталманы

Өз саласының майталманы

12 Мамыр – Халықаралық мейіргерлер күні. Сондықтан дәл осы күн – денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін де, ел үшін де айтулы мереке. Өйткені адам өмірін аралашалап, дәрігерлерден кейін жауапкершіліктің жүгін арқалап, науқастарға ем беріп қана қоймай, жылы сөзімен дертке дауа таба білетін, кәсібіне адал, таңдаған мамандығын жақсы көретін медбикелердің орны қашан да жоғары. Жылдан жылға Шиелі ауданында да денсаулық сақтау саласының әл-ауқаты артып, білікті де білгір мамандардың қатары көбейіп келеді. Осындай білікті мамандардың бірі – Шиелі ауданаралық  Көкшоқы ауылдық емханасының №18 аймақ мейіргері Нұржан Маматаев.

«Денсаулықты ешқандай ақшаға айырбастай алмайсың» дейді халқымыз. Бірақ айырбастауға келмейтін Алланың аманатына адам баласы аса жауаптылықпен қарап, саулыққа сақ болуы қажет-ақ. Дерт дендеп, жанымызға батса, денсаулықтың қадіріне жететініміз белгілі. Сол үшін дәрігерлер мен медбикелердің орны сіз бен біз үшін қымбат. Мейірбике, медбике, мейіргер. Қалай атасақ та олар – науқасқа мейірімін төгуші болып қала береді. Мейірбике – емделушінің жағдайын бақылап, оны жақсартуға ғана ат салысып қоймай, өмір мен өлім арасындағы адамның аман қалуы үшін күреседі. Бір сөзбен айтқанда, бұл – өте жауапты қызмет. Ал мұндай жауапты істің жүгін арқалап жүрген Нұржан Сайдуллаұлы өз мамандығын сүйетін, жұмысына тиянақты мамандардың бірі. 

1999 жылы дүние дидарына келген ол жас болса да өз саласының қыр-сырын жетік меңгеріп үлгерген. Нұржан бала күнінен адам жанын емдеп, ақ халатты абзал жан болуды арман еткен. Бала күнгі арманына бір қадам жақындаған ол мектеп табалдырығын тәмамдаған соң 2015 жылы Қызылорда қаласындағы «Болашақ» медициналық коледжіне өзі қалаған «Фелдьшер» мамандығына оқуға түскен. Аталған оқу орнын 2019 жылы аяқтаған соң еңбек жолын Шиелі ауданаралық емханасынан бастаған. Алайда, сол жылы оған әскерден шақырту келіп, жас маман Отан алдындағы борышын өтеуге кетеді. Өз қызметін адал атқарған сарбаз әскерден келген соң Шиелі ауданаралық ауруханасының қабылдау бөліміне жұмысқа орналасқан. Қабылдау бөлімінде жүріп ол жұмыстың қызығы мен қиындығына қанық болып, өз саласы бойынша біраз тәжірибе жинады. Тәжірибесін шыңдаған маман бұдан әрі «Семізбай U» мекемесінің «Жедел-жәрдем» бөлімінде қызмет  атқарып, біліктілігін арттырды. Ал 2022 жылдың маусым айынан бастап Нұржан Сайдуллаұлы Шиелі аудан-аралық «Көкшоқы» ауылдық емханасының №18 аймақ мейіргері қызметін атқарып келеді. 

Иә, Нұржан Мамтаевты ақ халатты абзал жан емес, ұжымның қадірлісі деуге болады. Себебі ол мейіргерлік істі мейірімділіктің бір белгісі деп біледі. Өз ісіне тиянақты, білгір маман осы уақытқа дейін аудандық, облыстық байқауларда да жүлделі орындарға ие болып үлгерген. Тіпті медицина саласында да бірқатар жетістіктерге жеткен. Сондықтан да болар, Нұржан Сайдуллаұлынан ем алған науқастар оған тек алғыс айтып, оны білгір маман ретінде таниды. Жұмыстың оңайы жоқ, әрине. Алайда, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың жұмысы тіпті оңай емес. Жауапкершілігімен қоса жүгі де ауыр. Ал осы жауапты қызметті абыроймен атқарып, адам саулығы үшін барын салып жүрген Нұржан секілді білікті мамандардың еңбегі ерен. Олар әрқашан құрмет пен мақтауға лайықты. 
10 мамыр 2023 ж. 155 0