Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білегі мығым, жүрегі нәзік

Білегі мығым, жүрегі нәзік

Әйел – ер-азаматтың қабырғасынан жаратылған нәзік те сыршыл құбылыс. Алайда, өн бойына нәзіктік пен ұяңдықты ұялата білген арулар да қоғам дамуына өлшеусіз үлес қоса алады. Бұл сөзімізге Ұлы Отан соғысы жылдарында қолына қару алып, жауға қарсы тұрған қаһарман қыздарымыз бен қара нардың жүгін көтеріп тылда қызмет еткен ақ жаулықты аналарымыз дәлел емес пе? Олар әйелдердің отбасымен қоса, ерлердің еншісіндегі істі де абыроймен атқара алатынын көрсеткен болатын. Бүгінде бұл үрдіс өткеннің көк шаңына көміліп кетпеді. Себебі, қазір «бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен әлемді әлдилеген» аналарды сан түрлі салада байқап жүрміз. Тіпті спорт саласында жетістікке жетіп жүрген сырғалылар да аз емес. Олардың қатарында 35 жылдан бері спортты жанына серік етіп келе жатқан дзюдодан Қазақстан чемпионы Айгүл Баржақсиеваның есімі ойып тұрып орын алады.
Жерлесіміз А.Әріпбайқызының спорт әлеміне қадам басуы небәрі бес жасында басталған. Оған өз ағасы Марат Баржақсиев себепші болған екен. Ағасы қарындасының қолынан жетектеп бір сәт спорт үйірмесінен қалдырмаған көрінеді. Бүгінде жаттықтырушы дзюдо, самбо, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерінің хас шебері.
Қаршадай қыздың спорт саңлағына айналуына мектептегі ұстаздарының да септігі тиген. Ол білім алған №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде де жаттығуларды қалдырмауға тырысып, арманын қияға қондыру жолында тынбай еңбек етеді. Балалық шағы спортпен өткендіктен болашағын да спортпен байланыстыруды мақсат қылады.
Осылайша ол Шымкент қаласындағы «Инженерлі-педагогикалық халықтар достығы» университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға тапсырады. Оқуды тәмамдағаннан кейін Айгүл Әріпбайқызының спорт саласындағы мансабы басталып, жетістікке жол ашыла бастайды. Ең әуелі ол мамандығы бойынша білім алған мектебіне мұғалім болып қызметке орналасады. Бұл жұмыспен бірге №10 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде дзюдо бөлімінің аға жаттықтырушысы қызметін қоса атқарады. Қос қызметте жүріп Айгүл Баржақсиева бірнеше шәкірттердің қанатын қатайтып, байрақты бәсекеде көк туды желбірету үшін күш салады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, әр баланың биік мінберден көрінуіне мүмкіндік жасайды. Нәтижесінде Ә.Шорабаев, А.Бектұрғанова, Д.Серікханқызы, А.Инаятов, А.Ақылбеков, М.Әбдісадық сынды оқушылары облыстық, республикалық одан қалды халықаралық турнирлерде жүлделі орын иеленуде.
Айгүл Баржақсиеваның өзі де түрлі бәйгелерде бақ сынап, биіктерді бағындыруда. Мәселен, жыл сайын өтетін білім қызметкерлері арасында спартакиададан «Үздік ойыншы» номинациясын иеленген. Бұдан бөлек эстафеталық жарыстарда жүзден жүйрік шығып топ жаруда. Алайда, А.Әріпбайқызы үшін шәкірттерінің биік шыңға шығуы басты жүлде саналады. Оның спорт саласында аянбай тер төгіп жүруінің де себебі осы.
Өңір спортында өзіндік қолтаңба қалыптастыра білген А.Баржақсиева бір отбасын айрандап ұйытып отырған жан. Қазіргі таңда жары Зухараб екеуі екі қыз, үш ұл тәрбиелеуде. Үйде де, қоғамда да тынымсыз тіршіліктен қол үзбейтін жан балаларын да спортқа баулып өсіруде екен. Өйткені, оның бар мақсаты – салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақты ұшпаққа шығару.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ

05 қараша 2019 ж. 723 0