Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Марафоншы әже

Марафоншы әже


Бала күнінен спортты жанына серік еткен Орынкүл Өмірзақова бүгінде зейнеткерлік жасқа жетсе де, жүйріктігімен жұртшылықты тамсандырып жүрген ерекше адам. Биыл да желаяқ апамыз жылда өтетін облыстық жазғы спорт ойындарының бағдарламасындағы президенттік көпсайысқа қатысып, жеңіс төрінен көрінеді.

Салауатты өмір салтын үзбей ұстанып, жүрген жерінде, жас буын арасында насихаттауды мақсат тұтатын, қамшының сабындай мына қысқа ғұмырдың мәні – денсаулықта екенін, ал, оның кілті – спортта деп түсінетін Орынкүл Қалманқызы өмірі өскелең ұрпаққа үлкен өнеге. Олай дейтініміз, мына жаһандану кезеңінде кейбір тепсе темір үзетін жастарымыз, тіпті , мектеп қабырғасында жүрген жасөспірімдеріміз де жат қылықтарға, денсаулыққа тигізер зияны зор әдеттерге бой алдырып жүргені де жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда, «жасым жетті» деп босаңсып, бейнеттің зейнетін көрем деп жамбастап жатып алмай, жігерін жани отыра көптеген қоғамдық-мәдени іс-шаралардың ортасынан табылып, топ жарып жүрген Орынкүл Өмірзақовадай жандар жарқын болашаққа бағыт сілтейтін шамшырақ іспетті емес пе?! Тіпті, бес уақыт намазын жанына серік етіп, жылда ораза ұстап, бес парызды орындап жүрген ақ жаулықты апа. Жасы жетпіске таяп қалса да, қарап отырмай жеке кәсіпкер ретінде базардан орын алып, сауда жасап отыр. Кез келген істе орнықтылығымен, тындырымдылығымен, шапшандығымен, белсенділігімен көзге түсе білген Орынкүл апа әрдайым абырой биігінен көрініп қоймай, көпке үлгі болуда.
– Күнде базарға жаяу барып келемін. Сондай-ақ, бес уақыт намазымды қаза қылмай оқуға тырысамын. Осының өзі күнделікті жаттығу. Тіпті, күннің ыстық-суығына қарамай таңнан кешке дейін базардағы кәсібімді жасауым денсаулығымның арқасы деп білемін. Сонымен қатар, тойып тамақ жеу, ашкөзденіп, кез келген нәрсені жей беру денсаулыққа өте зиян. Медицинада асқазанның үштен бір бөлігі ғана тамақ болу керек деген болатын. Сондықтан, жастарға айтарым тамақты тоя жеп, қозғалмай жату барлық ауруларды тудырады», – дейді спортшы. Ол үнемі немерелеріне салауатты өмір салтын жанына серік етуді айтып отырады. Спортты қолдайтындар легі көп болғанымен, апамыздай спортты жанына серік еткендердің сирек екенін байқап жүрміз. Бүгінде жасы жетпісті алқымдаған Орынкүл Өмірзақова 60, 66, 68 жасында облыстық спартакиада да жүлдемен оралып, біріншілер қатарынан көрініп жүрді. Биыл да осы сайыстан ауданның намысын қорғап, үшінші орын алып, өңір абыройын асқақтатты.
Ата-ананың өнегелі тәрбиесі ұрпағын биіктерге жетелейді. Еңбекпен есейген ұл-қыздары жоғары білім алып, отбасылы, үйлі-баранды болып отыр. Салауатты өмір салтын сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген зейнеткер спортшыға жеңісті күндеріңіз көп болсын деп қоштастық.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
20 қараша 2018 ж. 914 0