Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Интернетті икемдеп, спортты серік еткендер

Интернетті икемдеп, спортты серік еткендер



«Спорт – саулық кепілі» дегенді жиі айтамыз қолданыста. Әйтсе де, бұқара халықтың көпшілігі спортты серігіне айналдыруда дағдылана алмай жүргені жасырын емес. Оның себептерін тізе берсек, мақаламыздың мазмұны сылтау мен ақталуға негізделіп кететіні айқын. Бұл ретте, аға буынды айтпағанның өзінде, жастардың алдынан да көптеген кедергілер көлденеңінен шығып жатады. Жарқын болашақтың кепілі – жас­тарды спортқа баулу дегенді осы тұста да нықтап қоялық. Сондықтан, бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру аса маңызды болмақ. Әрі кезек күттірмейтін мәселе. Ал енді осылай деп айтқанның өзінде, ел болашағы деп үміт артқан жастардың дені ғаламтордың шырмауына шырмалып, шыға алмай жатқандарды да айтуымыз керек-ақ. Иә, қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы және XXI ғасырдың бұл ағымы – қоғам дамуының жаңа дәрежесіне жеткізді. Десек те, ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды. Қазірдің өзінде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі, интернет арқылы, дәлірек айтқанда, әлеуметтік желі арқылы «әңгімелеседі».
Күн сайын жастардың жүзбе-жүз сөйлесуі азайып, әлеуметтік жүйе қолданысы, керісінше, артып келеді. Қазіргі кезде әлеуметтік желілер «В контакте», «Мой Мир», халықаралық «Facebook», «LinkedIn», «Инстаграм» және тағы басқалары күннен күнге құлашын кеңге жайып келеді.
Алайда, бұл жаһандану үдерісін рухани жаңғырумен астастырған­дар ел қуанышын еселеп, жақындар­ын қуантуда. Осы санатқа салауатты­лықты серік етіп, топ жарып жүрген спортшыларды жатқызуға әбден болады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларындағы басты міндеттердің бірі – салауатты өмір салтын насихаттау жолымен қоғам саулығын басқару болып табылады. Ал, бұл тұрғыда аудан жастары мен осы жолда тер төгіп жүрген жаттықтырушылардың еңбегі ерен.
Бұл сөзіміздің тұздығы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысында «Белбеу күресінен» өткен ҚР чемпионатын атауға болады. Созақ ауданында өткен байрақты бәсекеге жеті облыс, екі қаладан 2003-2005 жылы туылған жастардан 170 бала қатысқан. Атап айтқанда, Астана, Алматы қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақмола облыстарының командалары қатысып, жарыстың бәсін қыздыра түскен. Облыстық құрама қатарында абыройды асқақтатқан белі бекем балуандардың ауданның жеті азаматы жүлделі оралды. Сөзімізді нақтыласақ, Н.Тоқбаев, Д.Алматұлы, Д.Айтбай есімді батырлар алтыннан алқа тақса, Д.Рүстемов, Б.Еламан, С.Ажарбайлар күміс алқаны еншіледі. Ал, шаршы топта қарсыласына шағылмаған А.Әбдіқадір қола жүлдені иемденді.
Осынау жеңісті жолда шәкіртте­рін ыждағаттылықпен баулып, спорт деген сиқырлы әлемнің құпия­лары­на қанықтырып жүрген М.Тәжбе­нов, А.Әбілтаев, Е.Мәмбетов, Б.Мырзалиев, Е.Әпиев, Н.Қуаныш есімді жаттықтырушыларының еңбегін айтпай өтпеске болмас. Міне, еселі еңбектің қайтуы, бақ жұлдыздың жарқырап жануы дегеніңіз осы шығар. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру үшін, әрине ең бірінші кезекте, бұқаралық спортты дамытудың іс-қимыл жос­парын жасауымыз керек. Осының негізінде жастарды спортқа тарту мүмкіндігі де артады. Жастар мен жасөспірімдер спортпен шұғылдануға көптеп ден қойса, онда қылмыс та әлдеқайда азаяр еді. Ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан жаңғыруына да жол ашылар еді.
Ауданнан шығып, облыстың абыройын асқақтатып жүрген құрыш білекті, батыл жүректі спортшыларымызға жеңісті күндеріңіз көп болғай демекпіз.
Дина ЖҮСІПОВА.
29 сәуір 2018 ж. 887 0